23.01.2026, 11:30
Оқылды: 122

Сырымдық спортшылар республикалық турнирде топ жарды

Сырымдық жас спортшы Әлихан Мұратов Талдықорған қаласында дзюдо күресінен өткен ашық республикалық турнирде топ жарды. 

PHOTO-2026-01-23-10-12-14 (2)

Бұл туралы қазір Әлихан тәлім алатын облыстық Олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі хабарлады.

2011-2012 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен турнирге 2500 жас спортшы қатысқан. Әлиханға 42 келі салмақ дәрежесінде дарабоз екенін дәлелдеу үшін 237 балуанның арасынан аймаңдай жарқырап шығу міндет болды. Басқа жол жоқ!

Финалға дейін 7 белдесу өткізген ол ақырғы сында былтыр Павлодарда ҚР чемпионы атанған түркістандық замандасымен кездесіп, ұтты.

Бұл Әлиханның атын әйгілеген бірінші жарыс емес. Ол 2023 жылы Өзбекстандағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Былтыр Оралда болған чемпиондар лигасында да алтыннан алқа тақты. Ағайынды Амирлан мен Әлиханнан қазақ спорты зор үміт күтіп отыр.

PHOTO-2026-01-23-10-12-13 (1)

Талдықорғандағы тартысты додада тағы бір сырымдық балуан Әділбек Насибуллин де күрестің көркем үлгісін көрсетті. Екі жүзге жуық балуаннан екі - үшеуі қалғанша күрескен Әділбек 46 келі салмақ дәрежесі бойынша финалға жолдама алу үшін жанын салды. Соңғы секундтардағы сәтсіздік болмағанда бұл баланың да табаны тұғырға тиіп тұр еді.

Жас дзюдошылардың жетістігі Мирлан Төлегенов, Алтынбек Сұпығалиев, Ақан Жакипов және Ерлан Оңалов секілді бапкерлердің табанды еңбегі деп жазады мектеп - интернат.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале