Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы-2025» облыстық байқауын ұйымдастырды. Осы байқауда Сырым ауданындағы М. Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар кітапханасының оқырмандары - Бақытжан жанұясы бас жүлдеге ие болды.

Отағасы Жеңіс Ибрашев пен оның жары Бақыт балаларының кітап оқуына көңіл бөлетінін кітапханашы ретінде жақсы білеміз. Міне, бұл жанұя облыстық байқауда үйдегі жас оқырмандар - Әдемі, Дана, Құдірет және Құрметпен бірге оқу - білімге зерек екендерін көрсетті.
Бірінші кезеңде «Отбасының жұмысшы мамандығы» бойынша әр жанұя еңбекқорлық пен кәсіпке деген ынтасын, ебін таныстырды. Екінші кезеңде «Ұлттық кітап» күніне орай көрініс қойып, жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман -эпопеясын отбасы болып оқыды. Тарихи сана мен рухани құндылықтарды кітап арқылы насихаттаған сахналық қойылымның көрерменге берері мол.
Үшінші кезеңде «Абайдың қара сөздері»эстафетасы-ұлт ұстазының өсиетін жас жанұяларға сіңіру. Сайыстарды сәтті өткен, өнері мен өнегесін қатар өрген, кітапқа деген махаббатты ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, оқырмандық мәдениетті отбасы құндылығына айналдырған Жеңіс Бақытжанұлының әулеті жеңіс биігінен көрінді.
Дамыған технология өмірімізді жеңілдеткенмен, жанұялық құндылықтарды бұзғаны белгілі. Соның ішінде әке мен ұлдың ақылдасуы, ана мен қыздың сырласуы да тежеліп, бүкіл үй іші смартфонға телміріп отырғанын көріп жүрміз.
Жанұялық кітап оқу мәдениеті отбасылардағы өзара мәміленің дамуына, шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік береді.
Тыныштық Ғаббасова,
Сырым ауданы