Бүгінгі таңда Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мамандары Түркістан облысында арнайы іссапармен жүр. Олар Түркістан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жұмыс бағытымен танысып, игеруде.
Еліміздің су жаңа облысы Түркістан сәулет-құрылыс жағынан ғана дамып жатқан жоқ. Жаңа ашылған облыста әр сала жаңашылдықпен «тыныс алып» тұр. Біз сөз қылып отырған Түркістан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы – тек қызметкерлердің жұмыс орнына емес, өңір жастарының өз үйіне айналған. Оған Түркістан өңіріндегі сапарымызда куә болып, аудандағы әріптестеріне айтып келгенбіз.
Міне, «Жақсыны көрмекке» дегендей, сырымдық жастар киелі шаһарға аттанды. Сапарларының сәтті болып жатқанын күнделікті хабарларынан біліп отырмыз. Сол жақта жүрген делегация жетекшісі Нұртілеу Болаттың айтуынша, ресурстық орталық жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу, талдау және мониторинг және жастарға мобильді қызмет көрсету бөлімдері жұмыс жасайды екен. Жастардың арасында отбасылық кикілжің, ерте жүктілік, сәбиден бас тарту, ажырасу, суицид сияқты жаманаттар белең алып тұрған уақытта психологиялық көмек пен дағдарыстың алдын алу бөлімі мектеп пен ауруханаға емес, негізінде жастар орталықтарына керек секілді. Орталық жанынан құрылған «ALIMZHAN» ағылшын тілі мектебі, гитара үйірмесі, «Поэзия жастары» жас ақындар үйірмесі, «GOLDEN GLOW ART» сурет үйірмесі, «Асыл мұра» еріктілер мектебі, «A.S MEDIA» клубы, «Жас кәсіпкер» мектептері тегін қызмет атқарады екен. Болашақта осындай үйірме – мектептер Сырым ауданындағы жастар орталығы жанынан ашылып жатса қуанар едік.
Орталық басшысы Нұртілеу Болат және мамандары Сәкен Мұса, Қайсар Халит әр бөлімге «уақытша қызметкер» болып, түркістандық әріптестерінің тың әдістерін жеке танысып, жете игеруде. Әсіресе оларға ақпараттық талдау және мониторинг бөліміндегі жұмыстар пайдалы болуда. Бүгін сырымдық жастар Түркістандағы жас кәсіпкерлердің жұмыс орындарында болып, аудан жастарына онлайн-саяхат өткізді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz