14.08.2025, 17:45
Оқылды: 486

Сырымдықтар чемпиондарға шапан жапты

Бүгін Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов әкімдіктің кіші мәжіліс залында спортшыларды қабылдады. Айта кетейік, тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде спорт күні атап өтіледі. 

IMG_4905

Соңғы бірер айда Сырым ауданы бірқатар спорт шараларында сәтті өнер көрсетті. Ауыл ойындарының “Олимпиасы” саналатын “Ақ бидай” жарысында біздің ауданның құрамасы төртінші орынға табан тіреді. Садақшылар, балуандар мен тоғызқұмалақшылар жоғары деңгей көрсетті. Ал, Оралда өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы ҚР чемпионатында сырымдық дзюдошылар жеңіс шеруін жасады.

Серік Тоқмамбетов аудан атын алға сүйреп жүрген спортшылар мен жаттықтырушыларға, жас ұрпаққа үлгі болып, әлі залда жүрген аға буынға алғыс айтты.

Кездесуде Серік Әнуарұлы дәстүрлі садақ атудан “Ақ бидай” ойындарының республикалық кезеңіне жолдама алған Мұрат Лұқпановқа, 65 жасында дзюдодан дебют жасап, ел чемпионы атанған Санат Берсебаевқа алғыс хат тапсырып, шапан жапты.

Аудандағы бұқаралық спорттың дамуына үлес қосқан алғабастық Асқар Бахытжанұлына ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ж. Жарасбаевтың алғыс хаты  тапсырылды

Серік Тоқмамбетов спортты қолдау шаралары ұдайы жүзеге асатынын, соның ішінде биыл бірқатар түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылатынын айтты.

Осы жылы 25 млн теңгеге халықтық қолданыстағы 5 спорт нысаны жөнделеді. Олардың ішінде Сырым саябағындағы корт пен Қызылағаш ауылындағы едені жоқ спорт алаңы бар.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале