31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің бір топ студенттері аудан орталығы Жымпитыға келді.
Аудандағы айшықты алаң жерлес ақын Қадыр Мырза Әли ескерткішіне тағзым жасаған делегация аудандық М.Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана ұйымдастырған "Тарихқа тағылым – өткенге тағзым" атты көрмемен танысты.
Тағылымға толы жиындар легі аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шараға ұласты.
Қонақтарға аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов пен қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған арнайы комиссия мүшесі А.Ойшыбаева жылы лебіздерін білдірсе, делегация жетекшісі Т.Шайхиев аталмыш күннің ел үшін маңыздылығына тоқталды.
Жымпиты халық театрының "Қарғыс атқан қаталдық" атты әдеби монтажы ұсынылып, қуғын-сүргін құрбандарына тағзым жасалып, гүл шоқтары қойылды.
Аудандық музейлерге арнайы барған жастарға қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен жәдігерлері жайында С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі А.Ойшыбаева толығырақ мағлұмат берді.
Одан бөлек, республика бойынша жүзеге асырылып жатырған әр көшеге ілінген ақпараттық тақтайшалардың ашылу рәсімі де студент жастар үшін маңызы зор болғаны анық.
- Тарихы терең Жымпиты өңіріне келуіміздің бірден бір себебі "Арманы арыстардың темірқазық" атты шарамыздың мақсатында атбасын бұрдық. "Темірқазық" деуіміз де тегін емес, Алаш арыстарының өмірі жастарымыз үшін темірқазық секілді бағыт беруші, жол көрсетуші деген ұғымға саяды, - дейді делегация жетекшісі.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz