29.10.2021, 19:18
Оқылды: 38

Сырымдықтар тұжырымдаманың орысша нұсқасына наразы

 Бүгін Сырым ауданындағы қоғамдық ұйым өкілдері ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты тұжырымдамасының жобасын талқылады. Жиынға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов төрағалық етті.

sdr

sdr

Жобаны таныстырған Сырым ауданы әкімі аппаратының заңгері Жандос Бектемір тұжырымдаманың бүгінгі жағдайды есепке алып және халықаралық тәжірибеге негізделіп жасақталғанын айтты.  Дегенмен қоғам өкілдеріне тұжырымдама жобасының орыс тілінде дайындалғаны ұнамады.

- Құжат Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты үшін даярланған. Алайда тұжырымдама орыс тілінде. Қазақша нұсқасы неге жоқ? – деген сауал қойды сырымдықтар.

Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың айтуынша, жаңа тұжырымдаманың жаңалығы – ендігі уақытта жемқорлықпен айналысушы тұлғалардың іс-әрекетін әшкерелеумен арнайы орган өкілдері ғана емес, журналистер де айналыса алады.

- Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары кезінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі артпақ. Заңды шектің аясында журналисттік зерттеу жүргізу институты тәжірибеге енгізілмек. Ол үшін ақпарат өкілдерінің құқықтық мәртебесін де белгілеу қажет болады, – деді әкім орынбасары.

Журналист, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы елде журналистердің құқықтық мәртебесі ақсап тұрғанын, одан бөлек мемлекеттік қызметкерлердің рухани кемелденуіне, өздерін адам ретінде дамытуына мүмкіндік жасалмайтынына тоқталды. Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов мемлекеттік сатып алу қызметінің талаптарында да тиімсіздіктер бар екенін атап өтті.

 «Сырым елі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале