Жымпитыда ақын Абдолла Жұмағалиев, журналист Қажым Көшеков және жазушы Жәрдем Тілеков туралы деректер, мақалалар тортастырылған «Сырымнан ұшқан үш қыран!» атты жинақтың тұсауы кесілді.
Үшеуінің де тағдырлары ұқсас. Үшеуі де – Сырым ауданында дүниеге келген, үшеуі де жазу адамдары, үшеуі де – майдангер. Абдолла мен Қажым ерлікпен қаза тапты, Жәрдем соғыстан кейін қазақ әдебиетін көркейтуге жұмыс жасады. Даласына перзенттік парызын «Сырым батыр» дастанымен өтеді. Кітап Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында жинақталып, даярланып, «Шұғыла Принт» баспасында басылды.
Құрастырушы – газет редакторы Бауыржан Ширмединұлы.
Кітаптың бауын журналист, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Құттымұратұлы мен ақынның бауыры Шайдолла Жұмағалиевтің жары Рашида Хасенова кесті.
Авторлардың бірі ҚР Журналистер Одағының мүшесі Мүсірбек Айташев сөз сөйледі.
Фойеде М.Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Дарынды ақын, даңқты жауынгер» атты кітап көрмесін таныстырды.
Кейін мәдениет үйінде «Қаһарман қаламгер» атты әдеби-сазды кеш өтті. Абдолла оқуларының жүлдегерлері осы сахнада марапатталды.
Б. Шерім
Сырым ауданы