29.05.2024, 19:30
Оқылды: 87

Сырымның балауыздан құйылған мүсіні – жаңа музейде

Сырым ауданында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі ашылды. Ғимараттың ашылу салтанатына, музейдің 20 жылдығына орайластырылып, ауданда «Тарих пен тағылым ордасы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

IMG_8280

Шараға республика, өңірге танымал құрметті қонақтар шақырылды. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев алғашқы құттықтау сөзді сөйледі.

– Бүгін аудан үшін үлкен мәртебе. Өйткені Сырым Датұлы атындағы 789 шаршы метрлік екі қабатты музей есігін айқара ашты. Бұл музейдің облыстық өлкетану музейінің филиалы болып қалыптасқанына 20 жыл толды. Мерейтой қарсаңында осы музейдің ашылуы заңдылық. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өзінің ыстық лебізін жолдады. Бұл музейдің берер тағылым, тәрбиесі мол. 6000-нан астам жәдігер қоры бар, 5 экспозициялық залдан тұратын музейге өңірде алғаш болып Сырым батырдың мүсіні қойылып жатыр. Осы музейдің басы-қасында жұмыс жасаған азаматтарға, аудан әкімдігіне, облыстық өлкетану музейінің қызметкерлеріне алғыс білдіреміз. Облыста осындай тағылымы терең, жәдігерге толы мәдени нысанның ашылғанына бек қуаныштымыз. Сырым атамыздың жерленген топырағын Өзбекстаннан елге әкелген экспедицияны бастаған, өмірін Сырым Датұлын зерттеуге арнаған Жайсаң Ақбай ағамыз да ортамызда. Ол кісіге ғасырлық тойын тойлауға жазсын дейміз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Сырым Датұлы атындағы жаңа музей күллі республиканың мақтанышына, көрнекті музейіне айналуына тілектеспіз,- деді Қуанышбек Жанболатұлы.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбайды мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы қызметі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапаттады.

Батыс Қазақстан мәдениет басқармасынан келген арнайы алғысхатқа Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ақжол Файзоллаұлы, Тілеген Жонысұлы, Дина Ерланқызы, Бейбіт Орынғалиұлы, Айгүл Жолмағанбетқызы, Тойған Ораққызы ие болды.

Қадыр Мырза Әлінің «Сырым Датұлы» өлеңін облыстық Қадыр, республикалық Әбіш және аудандық Алаш оқуларының жүлдегері Айсана Мұратова оқыды.

Жазушы, өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жайсаң Ақбай қария басын еліне иіп тұрып:

– Бүгінгі қуанышты оқиға – ата-бабадан қалған мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілуі үшін ұйымдастырылған шара. Біз бақыттымыз. Себебі, тарихымыз – өте бай, терең, болашағы зор тарих. Ата-бабадан қалған мұраға патриоттық сезім мол болсын. Еліміз жоғары деңгейде дами берсін. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ «мен – Сырым ұрпағымын, мен – Қадыр ұрпағымын» деп кеудесін соғуға ұялмай, басқаларға үлгі болатындай болсын,- деді.

Айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы жырдан шашу шашты.

– Дүниең дүбірлеп тұрады ғой

Қашан көрсең Жымпиты даласында.

Самара-Шымкент трассасы бойындамыз,

Бизнес нысандардың бәрі осында.

Адамзат ішіп-жемін ойлай бермей,

Ойлау керек руханият саласын да.

Тек Жымпиты шығар музей ашатұғын,

Кемпинг, кафе, шиномонтаж арасында, - деп сөзінде ақын.

IMG-20240529-WA0002

Музейдің лентасын қию рәсімін Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев, жазушы, өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жайсаң Ақбай, еңбек ардагері, Сырым ұрпағы Найман Қайыров жүргізді.

Музейдің ашылу салтанатына жиылған қонақтар жаңа ғимараттың ішін тамашалап, жаңа жәдігерлермен танысты. Музейде бес зал бар. Олар – Сырым батыр тарихи залы, Қадыр Мырза Әлі залы, этнография залы, табиғат, археология залы, соғыс және еңбек ардагерлері мен медицина, спорт залы. Бұл залдардың барлығы жаңа экспозициямен жасақталып, жаңартылған.

IMG_8136

Сырым батыр тарихи залы – архив материалдары, Сырымды зерттеген тарихшылар мен оның әдебиеттегі ролін жазған жазушылар, Сырымтану бұрышы, ұрпақтары мен шежіресін қамтиды. Сонымен қатар батырдың бес қару топтамасы, Сырымның балауыз мүсіні, мөрінің түпнұсқа негізіндегі көшірмесі, Сырым жолын нұсқайтын диорамма және конференция мен экспедиция материалдары қойылды. Жаңа музейдің арнайы жасалған жаңа жәдігері – Сырым Датұлының балауыздан жасалған мүсіні. Мүсінді еліміздегі тұңғыш гиперреалист Айдос Есмағамбетов жасады. Мүсінші бұған дейін Абылай ханның, Абайдың, Елбасы Н.Назарбаевтың, Барак Обаманың мүсіндерін балауыздан құюымен танымал. Сырым Датұлының мүсіні ел аузында жүрген аңыздардағы бейнесіне, М.Жоламанвтың салған суреттеріндегі бейнесіне сүйене жасалған. Тұлғасы таудай болған батыр мүсінінің бойы 185 см, етігінің өлшемі 44-тен жоғары. Бұл мүсін – Қазақстандағы тұңғыш жасалған Сырым Датұлының бейнесі.

Сырым залында «Сырым жолы» деп аталатын экспозиция қойылды. Онда Сырым шыққан төбенің, Сырым бөгетінің макеті орналастырылған. Сырым батырдың Хиуа хандығына қайтыс болғандығы белгілі. Үзеңгісі уланып, өмірден өткен батырдың ер-тоқымы үзеңгісімен де музейден орын алыпты. Үзеңгінің бір жағы умен ағып кеткендіктен, бір үзеңгілі ғана ер тоқым музейде тұр. Сырымның 0,20 грамм күмістен құйылған мөрі де – залдың көрнекті жәдігері. Хиуадан Сырым бейітінен әкелінген бір уыс топырақ та музейден орын тепкен.

Қадыр Мырза Әлі және аудан мәдениеті залы – Қадыр Мырза Әлінің бұрышымен басталады. Оның жазу үстелі қойылып, машинкасы, мантиясы мен шапаны, тұтынған заттары, фото суреттері оның өмірі мен шығармашылығын қамтиды. Сонымен қатар аудандық ақпарат саласының ардагерлері, аудандық Сырым елі газеті тарихы, ақын жазушылар, ҚазақССР нің білім беру саласының үздіктері мен алғашқы халық мұғалімдері, ауданнан шыққан ғалымдар, мәдениет саласының үздіктері, театр тарихын заттай жәдігерлермен фотосуреттер арқылы экспозицияда көрініс тапқан.

Соғыс және еңбек ардагерлері мен медицина, спорт залы – Абдолла Жұмағалиевтің ерлікпен қаза тапқан сәті көрсетілген диораммамен басталған. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлерінің заттай жәдігерлері, тұтынған құжаттары мен медальдары, киген киімдері мен әр жылдардағы жалпы фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар ауылшаруашылық саласының үздіктері, тың игеру тарихы, аудан медицинасының 130 жылдық тарихы мен республикаға танымал ғалымдары және спорт саласының ардагерлері туралы тарихты насихаттайды.

Табиғат, археология залына археологиялық қазба жұмыстардан табылған заттай жәдігерлер, ауданда жүргізілген экспедициялардың түрлі фотосуреттері мен олжалары қойылған. Ауданның киелі жерлері үлкен картада бейнеленіп, жарықшамдармен жарға ілінген. Ауданның қызыл кітапқа енген өсімдіктері, флорасы мен фаунасын қамтитын жиырмадан астам аң құстардың тұлыптары қойылған.

Этнография залы жеті қазына топтамасының фрагменнтерімен басталады. Жарда жайлаудың суреті салынған, алдына топтамаға енетін жылқы, бүркіттің тұлыбы, қыз бен жігіт бейнесі сонымен қатар, ұлттық киімдер мен ХХ ғасырға дейінгі көне күмістер коллекциясы ыдыс аяқтар топтасы қойылады. Төрден қазақтың 6 қанатты киіз үйі тігілген. Іші толықтай ұлттық жабдықтармен жабдықталған. Сүйек керует, адалбақан, сандықтар, дөңгелек жер үстел, көрпе, көпшіктер, ыдыс аяқтар, жастықағаш, асадал секілді жиһаздық бұйымдар толығымен қойылған. Көптің көңілінен шыққан залдың бірі – осы этнография залы.

Айта кетейік, музейде 4399 негізгі жәдігер болса, 1646-сы қосалқы жәдігер, барлығы 6045 жәдігер бар.

Музейде 16 қызметкер жұмыс жасайды. 1 меңгеруші, 2 экскурсовод, 1 қор сақтаушы, қалғаны кіші қызметкерлер.

Музейдің экспозиция жұмыстары 2024 жылдың қаңтар айында басталып, 2024 жылдың мамыр айында аяқталды.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале