10.10.2022, 12:31
Оқылды: 35

Табыс көзі тірлікте

Алыстағы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында заманауи үлгідегі "Береке" шағын маркеті іске қосылды. Жаңа сауда ашқан - шаруа қожалығының басшысы Ернар Мұқанов пен «Ай-Арман» жеке кәсіпкерлігінің иесі Тұрсын Кенжебаева.

IMG-20221005-WA0016

Заман талабына сай жабдықталып, бой көтерген ғимарат іші жарқырап тұр. Мұнда келген алмаздықтар азық-түлік түрлерімен қоса, үй ішіне қажетті ыдыс-аяқтарды, жуғыш заттарды, тіпті әртүрлі маусымдық киімдерді де саудалай алады.

InShot_20221010_122547393

- Халқымыздың «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген жақсы тәмсілі бар. Отағасы түзде шаруасын дөңгелетіп, төрт түліктің қарасын көбейту қамында жүрсе, менде үйде бос отырмайын деп 2011 жылы жеке кәсіпкерлігімді ашқан едім. Ауылға кең де жаңа үлгідегі сауда орталығы керектігі көптен сезіліп жүрген-ді. Ойласа келе, жолдасым осы шаруаны бастап кетті. Әрине, қаржы түгелдей отбасылық бюджеттен шықты, қажетті заттарды күн-түн демей көлігімізбен Ақтөбе-Орал қалаларынан тасыдық. Дүкенімізге қажетті жаңа үлгідегі сөрелер мен мұздатқыштардың ең сапалысын алуға тырыстық. Көптен күткен күн де келіп жетіп, ауылдағы үлкендердің ақ батасын алып, шағын маркетімізді жұртшылықтың игілігіне ашып отырмыз. Жасыратыны жоқ, қазір тауар біткен күн сайын қымбаттап жатыр, соған қарамастан халық сұранысына ие көкөніс түрлерін, қант бағасын қалыпты ұстауды жөн санап отырмыз. Айталық, қанттың келісі 550 теңгеден болса,  пияз бағасы-130, сәбіз-170, қырыққабат-120, картоп-160 теңгеден, ал 5 литрлік сұйық майды 3900 теңгеден босатудамыз. Мақсатымыз - бағаны орынсыз көтермей, ауылдастарымызға қолжетімді болуына өз үлесімізді қосу, - дейді Тұрсын Кенжебаева.

Бастаған істің нәтижелі болмағы тынымсыз тірлік пен бірлікте екендігін шаруақор жандар терең түйсінеді. Отбасындағы ұл-қыздары да әке-шешесінің шешімдеріне үн қосып, тілектес болуда. Жасап жатқан шаруалары балаларының болашақ несібесі деп ұғынатын Ерлан мен Тұрсын әр күндерін ізгі амалмен бастауды жөн көреді. Осы нысан бой көтерген кезде қолұшын созған ауылдастары М.Амантурлин, Ә.Бәйтенов, Е.Айтқалиев және Қ.Дербісов сынды ауылдастарына алғыс айтуды да ұмытпады.

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале