Қазір еңбек етемін деген жанға үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жетіп артылады. Дәлірек айтсақ 2021 жылға дейін жұмыс істеп келген Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама аясында Тасқала ауданында жаңа нысандар ашылып, жұмыссыз жүргендер еңбекке араласып, кәсіп бастаймын деген жандар мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз грантқа қол жеткізді және өз бизнестерін жүргізуде.
Соның бірі – Кұлшымановтар отбасы. Отағасы Азамат – осы ауданның тумасы. Қарапайым отбасында дүниеге келіп, Жақсығұлов атындағы орта мектепті бітірген. Кейін Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінде білімін жалғастырып, мұнай саласы бойынша мамандық алып шығады. Бірақ Азамат бертін келе өз мамандығы емес, қазіргі таңда тұтынушының талғамына сай, сұранысқа ие жапондық «суши», «пицца» өнімдерін дайындайтын аспаздық мамандықты таңдайды.
Арнайы оқыған білімі болмаса да оның дайындаған сушилары нағыз аспаздардан кем емес. Себебі дәмділігі соншалық оған тұтынушылардан түскен тапсырыстың көптігі дәлел. Жақсыны көрмекке демекші, мұны естіген біз жас кәсіпкердің жұмыс орнына бардық. Жақында ғана бір ғимаратты жалға алған ол, қызу жұмыс үстінде екен. Кешірім сұрап, аз ғана уақыт бөлуін өтініп, сөзге тарттық.
– Мұнда келгеніме көп бола қоймады. Әзірге ғимарат ішін тұтынушыға жайлылық сыйлайтындай етіп жабдықтап, жарықтандыру жұмыстарын қолға алдым. Өз басым сервиске қатты көңіл бөлемін. Сол себепті жақында Алматы қаласына арнайы барып керек-жарағымды алып келдім. Бұйырса көп кешікпей бұл жерден тұрғындарға қызмет көрсететін отбасылық демалыс орнын ашатын боламыз. Одан басқа кішкентайларға арналған арнайы ойын алаңын да жасақтап жатырмыз. Сонымен қатар мұнда тек суши дайындап қана қоймай, ашытқысыз дәрумендер қосылған эко нанның түрлерін пісіретін боламыз. Оған арнайы құрылғылар алып келдік. Ал біз өндіретін нандардың бағасы басқа дүкендерге қарағанда 5-10 теңгеге арзан болады», - деді ол өз сөзінде.
Азаматтың айтуынша оның бизнеске келуіне Орал қаласындағы «РедмонСуши» орталығы себепкер болған. Оған дейін Қостанай қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан жас жігіт алдымен күзет полициясында, содан соң Тасқала аудандық полиция бөлімінде, кейін Тасқала ауылдық округінде статист болып қызмет атқарады. Үйленіп, отбасын құрады. Үш сәбидің әкесі атанады. Араға жылдар салып жоғарыда аталған Орал қаласындағы суши орталығына оператор болып жұмысқа орналасады. Бала кезінен тамақ дайындап, тіпті әжесінің үйретуімен нан да пісіріп жүрген Азамат үшін суши дайындау онша қиынға соқпайды. Тез үйреніп кетеді. Біраз жыл осы жерде өзіне тәжірибе жинақтаған ол аталмыш мекеменің әкімгеріне дейін көтеріледі. «Сол жерде қызмет істей жүріп осы суши мен пицаны неге өз ауданымыздан ашпасқа деген ой келді. Себебі ол жерге тасқалалық жастар көп келетін. Сөйтіп жолдасыммен ақылдасып, ол Бастау бағдарламасы арқылы оқып арнайы сертификатын алды. 2019 жылы мемлекеттен беріліп жатқан қайтарымсыз грнатқа өтініш тастадық. Өтінішіміз қабылданып қазан айында 200 айлық көрсеткіш көлеміндегі грантты ұтып алдық. Қараша айында "Айгерім" кафесін жалға алып жұмысты бастадық. Әрине, кәсіпті бастау үшін бұл қаражат жеткіліксіз болды. Жылға жуық уақыт пайдасынан шығыны мол болды. Сол себепті де аяқтан тұрып кету үшін қосымша қаражат қостық. Басында тұтынушыларымыз аз болатын. Кейін суши, пицаға халықтың сұранысы артып, тапсырыстар көбейе бастады. Қазір тек аудан орталығын ғана қамтып қоймай ауылдардан да тапсырыс қабылдап жатырмыз. Әсіресе демалыс және мейрам күндері үлгере алмай қалып жатамыз. Бірақ нәтижесі жаман емес», - дейді жас кәсіпкер
Әңгіме барысында біз Азаматтың жас болсада бизнес саласында тәжірибесінің мол екенін аңғардық. Мұның сыры неде? Бизнестегі ақылшың кім деген сұрағымызға ол, тек кәсіппен айналысып қана қоймай жан жары Замира екеуі атақты бизнесмендер ұйымдастырған ақылы семинар тренингтерге қатысып, солардан мотивация алып, білімдерін одан әрі дамытып отыратынын айтты.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, Азамат қандай іс болмасын жан жары Замирамен ақылдасады. Алдағы уақытта олар кәсіптерін одан әрі кеңейтуді ойлап, аудан орталығынан отбасылық үлкен ойын-сауық комплексін ашуды жоспарлап отыр. Оларға тек кедергі болып тұрғаны жер мәселесі. Егер ол шешіліп жатса көп кешікпей екі қабатты бизнес орталығы халық үшін қызмет ететін болады. «Қай бизнесте болмасын табысқа жету үшін табандылық пен нақтылық керек. Табандылық танытпай, орта жолдан бұрылып, бір істі соңына дейін апармасаң еш уақытта жетістікке жетпейсің. Шүкір, қазіргі таңда еңбегіміз өз жемісін беруде. Ал, өзім сияқты кәсіп бастағалы отырған жастарға айтарым шыдамды болу керек. Аяқтан тұрып кету үшін уақыт қажет. Бірден байып кетуді ойламау керек. Алдымен, туған жерге, қала берді халқыңа үлкен махаббатпен шынайы қызмет ете біл. Сонда ғана сенің жұмысың өз жемісін береді», - дейді жас кәсіпкер.
Ия, қай жұмыста болмасын нәтижеге жету үшін табандылық пен уақыт қажет екені белгілі. Сондықтан кез келген адам Азамат сияқты табандылық танытып, бастаған ісін аяғына дейін жеткізе білсе нағыз жетістік деп осыны айтуға болады. Олай болса, іске сәт жас кәсіпкер!
Назгүл Серік,
Тасқала ауданы