28.02.2023, 19:16
Оқылды: 28

Тағылымды ой салған әкелер форумы

Бүгін Жаңақала мектеп-гимназиясында «Тәрбиесі темірдей, әкенің орны бір бөлек» атты ІІ аудандық әкелер форумы өтті. Форумға аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Шаһидолла Абуғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Ғаббасов, мектеп-гимназиясының директоры Нұржан Бекқалиев, мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және әкелер қатысты. Шара мектеп дәлізінде оқушылардың әке туралы керемет өлең жолдарын айтып, қонақтарды қарсылауымен басталды. Одан әрі мәжіліс залында жалғасып, мектеп-гимназиясының оқытушысы Әсел Мырзақұлова жиынды ашып, сөз кезегін А.Нұрғалиқызына ұсынды.

20230228_123842

-Үлкенге құрмет, кішіге ізет отбасындағы тәрбиеден басталады. Сондықтан да бүгінгі форумның мән-мағынасы өте зор. Осындай іс-шаралар тек жалғасын таба берсін демекпін. Қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтауда отбасындағы ер адамның рөлі ерекше. «Бала – біздің айнамыз» демекші, өздеріңіз қандай жолмен жүрсеңіздер, бала да соны қайталайды. Сол себепті дұрыс жолға жетелеп, қамқорлық танытып, тәрбиелеп жүрген асқар тау әкелеріміз аман болсын! – деп игі тілегін білдірді.

20230228_095920

Одан соң «Әкеге қарап ұл өсер» атты әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы қысқаша бейнеүзінді көрсетіліп, көрермендерге ой салды. Н.Сағынғалиұлы өз кезегінде бейнеүзіндіден алған әсерімен бөлісіп, қазіргі балалардың нәзіктеу, бос болып өсіп келе жатқанын және ұялы телефонға тәуелділік артып бара жатқанын айтты. Жұмысбастылыққа салынбай уақыт тауып, балаға көңіл бөлу керектігін, әсіресе үйде де, мектепте де әйел адамнан көбірек тәрбие алатын балаларға ер адамның, әкенің темірдей тәрбиесі қажет-ақ екенін, бұрынғыдай балалардың үйден шығып көршімен аралас-құралас ойнамайтынын қынжыла жеткізді. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» демекші, ауылымыздың қадірлі ақсақалы Ш.Ишанғалиұлы шежіре, туыстық қарым-қатынас, бауырмалдық жөнінде ой саларлық сөз қозғап, қатысушыларды елең еткізді.

20230228_101351

Атамыздың сөзінен соң қатысушы әкелер, мектеп орынбасарлары ойларын ортаға салып, әр әке өз үйіндегі бала тәрбиесінің қыр-сырымен, әдіс-тәсілдерімен, кем-кетіктерімен бөлісіп, «баланы қалай нағыз ер азамат етіп тәрбиелеу керек?» деген сұрақтың төңірегінде пікірлерін білдірді. ІТ саласының маманы Ержан Нұртай «Қауіпсіз интернет немесе ата-ана тарапынан балаларын бақылауы» тақырыбында интернетте көп тараған баланың психикасына әсер ететін ойындар туралы сөз қозғап, ата-ананың баланың телефонын қалай бақылауда ұстауға болатыны жөнінде кеңесімен бөлісіп, іс жүзінде көрсетті. Жаңақала аудандық ЖОББМ-нің тәрбие ісінің орынбасары Асланбек Жолаев мектеп оқушыларының тәрбиесіне тек қана оқытушылар емес, сондай-ақ ата-ананың қатаң бақылауы қажет екенін жеткізді. Себебі қазіргі таңда оқушылар арасында электронды темекі, трамадол пайдалану өршіп тұрғанын, тіптен қыз балалардың да қолынан жиі көретінін айтып өкінді. Мектеп-гимназиясының оқытушысы Қаһарман Зинуллин «Кітап оқу арқылы баланы рухани құндылыққа тәрбиелеу» атты  баяндамасымен, шара соңы Айбар Негаевтың сүйемелдеуіндегі «Әке туралы жыр» әнін шырқаумен қортындыланды.

Нұргүл Елтайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале