Қыркүйектің 22-сінде «AMANAT» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы мен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аға буынның еңбегін дәріптеп, кішілерге ой салып, тағылым берген шара өтті.
Еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға әр түрлі салада қызмет еткен ардагерлеріміз қатысты.
Ағаларымыз еңбек, өмір жолдары туралы тағылымды естеліктерімен бөлісіп, жастарға ақыл, кеңестерін берді. Елге еңбекқорлығымен танымал Уағаз Нұрғалиев ағамыз:
- Зейнетке шыққан деген осы болады деп үйде жатып алмаңыз. Өткен өшпеу үшін, кейінгілер қателеспеу үшін аға буын қапы қалмау керек. Қоғамның ортасынан табылайық. Елдік мәселелерге үн қосып, белсенді болайық. Өз басым өзім кетсем де еңбегім қалсын деп бау-бақша салып, тал-терек баптап жүрмін. Зейнетке шыққанмен қатардан қалмауымыз, қалғымауымыз керек, -деп үндеу тастады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков еңбегімен еленген, қоғамдық жұмыстарды белсенділікпен атқарған Ерболат Мұратовты мерейлі жасымен құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Кездесу соңында жас өнерпаздар қатысушыларға ән шашуларын ұсынды.
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz