Жаңа жылмен бірге Сырым ауданында тайлар жарысының жаңа маусымы басталды. Алғашқы доданың дүбірі Өлеңті өзенінің жағасын жаңғыртты.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов жас буынға қолдау білдіріп, ұлттық спортты ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
Енді жарыстың жайына келейік. Ауыл балалары түнімен қаңтарып қойған тайларының жабу, тоқымын қамдап, ауыл сыртындағы ат шабар алаңға ағылуда. Себебі бүгін олар үшін асыға күткен күн. Жер қатып, қар түскен бойда ойдан,қырдан әкелген тайларын үйретіп, баптап енді міне маусымашар тай жарысқа қосқалы тұрған сәт. Ауа райы құдды бір ертегідей құлпырып, желсіз тынық боп тұрғанымен қаңтардың қытымыры жаны барды теңселтпей қойсын ба? Алайда, жылқымен ауырған жастар аязға “мыңқ” етер емес. Үскірікті бетке алып “ә” дегеннен сөреден 22 тай ытқи жөнелді.
Жарысты ұйымдастырушы “Қайсар” спорт клубының бекіткен ережесіне сәйкес қатысушы тайларға мәреге дейін 3 шақырым ұсынылды. Ауданымыздың Өлеңті,Жымпиты, Жетікөл, Қособа ауылдарының намысын арқалап келген жас жүйріктер алғашқыда иіріліп, топтасып, шоқыта шапқанымен, мәре сызығына жақындаған сәтте өздерінің тағы бір осындай жарыс жолын бағындырар қуаты барын жылдамдығымен-ақ дәлелдеп өтті.
Бәйге алаңын аяқтап, буы бұрқыраған тайларға абыр-сабыр боп жатқан көрерменнің ентігін суытпай төрешілер сөре сызығына құнан бәйгенің дарабоздарын жинады.
Елдің ықыласы төреші хабарлаған 9 құнанның өңіне ауды. Сөре сызығынан тізгін босатқан сәттен-ақ жеті құнан жел жарып шаба түсті, шаба түсті. Құнандардың мойынына міндеттелген 6 шақырым жиылған жұрттың қиқуымен тез өте шықты десе де болады. Сөреден бірге қозғалған 9 құнаннан мәре сызығына 3 құнан жетті. “Бәрекелді”- десті, жұрт.
Болашақ әскердің жүрегін оятып, рухын көтеру мақсатында оздырылған игі шара жаугершілік замандағы жаттығу түрі, ұлттық ойын аударыспақпен жалғасты.

Жарыс қорытындысы бойынша:
Тай жарысы:
4-орын – Нұргелді тақымдаған Дауылов Ерболдың "Ақбақайы"
3-орын – Алихан есімді шабандоз, өлеңтілік Ширмедин Жантөренің "Айторысы"
2-орын – Алтынбек тақымдаған жымпитылық Жолдыбай Алиханның "Ардакөгі"
1-орын – Абылай тақымдаған Өмір Арманның "Оригиналы"
Құнан жарысы:
3-орын – Өмір Арманның, Қуанғали мінген "Байторысы"
2-орын – Нұрболат тақымдаған жетікөлдік Рамазанов Темірханның "Қасиеті"
1-орын – Нұргелді шабандоз, Қособадан келген Елубай Әлғазиздың "Лазері";

Аударыспақ:
50 келіге дейін:
3-орын – Амангелді Алтынбек
2-орын – Ғабдрахим Досымбек
1-орын – Серік Ислам
50 келіден жоғары:
3-орын – Шарапиев Асылхан
2-орын – Нұржігіт Жасұланұлы
1-орын – Өмір Арман
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтардың сертификаттары табысталды.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы