Сырым ауданында «Батырлар тарихының сабақтастығы немесе Тайлақ хақында» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, белгілі тарихшы-ғалымдар Қазыбек Құттымұратұлы, Нұржан Төлепов, Жәнібек Исмурзин, филолог Мұрат Сабыр және Қостанай облысынан келген меймандар қатысты. Отырысты С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева жүргізді.
Тайлақ Мәметайұлы – ХVІІІ ғасырда Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген Байбақты руының Күшпен тайпасынан шыққан батыр. Моласы Сырым ауданы, Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының сыртындағы Тайлақ қорымында жатыр. Тайлақтың ұлдары Толыбай батыр мен Өгіздің де бейіті осы жерде. Журналист, өлкетанушы, араб мәтінін танушы маман Қазыбек Құттымұратұлы Тайлақ Мәметайұлының құлпытасын оқып, ол туралы деректерді баспа бетіне ұсынғаннан кейін тарихшылар Тайлақ тұлғасына кәдімгідей назар аудара бастады.
Қазақ хандығының тарихында Тайлақ есімді 7-8 тұлға болған екен. Солардың бірі Аңырақай шайқасында Кіші жүздің жасағын басқарған - Тайлақ Мәтіұлы. 2006 жылы Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы» баспасынан жарық көрген Қазақстан Ұлттық энцоклопедиясының 177 бетінде: «Тайлақ Мәтіұлы - ХVІІІ ғасырда өмір сүрген батыр, қолбасшы. Кіші жүздің жетіруынан шыққан. Әбілқайыр ханмен үзеңгілес құрдас әрі ақылшы – кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасы жиынында Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Тайлақ жиені Саңырықпен бірге жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен. Бұланты-Білеуті шайқасында, Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын басқарған» деген дерек бар. Қостанай өңірінің өлкетанушысы, тарихшы Мырзабай Жақсылықов Сырым аудандағы Тайлақ зираты Кіші жүздің жетіруына кіретін жағалбайлының батырына тиесілі деп есептейді. Мырзабай мырза он шақты жылдың ішінде Сырым ауданына бір емес, төрт мәрте келді. Мақсаты – Жамбыл ауылындағы зиратта Тайлақ Мәтіұлының жатқанын дәлелдеу.
Есептеу – көңілдің ісі. Адам көңілімен көп нәрсені есептейді. Ал, дәлелдеу үшін айғақ керек екені анық. Жамбыл ауылының маңында батыр, қолбасшы Тайлақ Мәтіұлы жатыр дегенге ешқандай айғақ жоқ. Керісінше, ол жерде жатқан Тайлақтың да осал еместігіне, тіпті батыр, би болғандығына қатысты нақты дәлелдер бар.
Ең бірінші дәлел – құлпытастың өзі. Журналист, өлкетанушы, араб мәтінін танушы маман Қазыбек Құттымұратұлының Тайлақ қауымының басында болып, құлпытастардың жазуын оқығанын мана сөздің басында айттық.
Қазыбек Құттымұратұлы «Dana.kz» журналында жарық көрген «Қыз Жібек жырындағы қателік» атты мақаласының ішінде Сырым ауданы, Жамбыл ауылына жасаған сапарына былай деп қорытынды жасайды:
«Аудандық газеттің редакторы Махмет Қажиахметов пен Жамбыл ауылының ақсақалы Ибрагим Жұмабековтың бастауымен ауыл іргесіндегі көне қорымға келгенде көзімізге 4-5 биік төмпешік бірден шалынды. Сірә, кезінде биік кесене, еңселі шошақ мола болса керек. Қазір құлап, оба болып қалған. Осы төмпелердің батыс бетінен жерде құлап жатқан екі құлпытас, тігінен тұрған үш құлпытас көрінді.
Ауыл жақ шетте орналасқан құлпытас қисайып қалғанымен, жазуы анық екен. Араб қарпімен жазылған мәтінде «Байбақты руы Күшпен тайпасы Мәмбетай бөлімі Тайлақ баласы Окуз (!?) опат болды 48 жасында 185... жылда. Бұл тасты қойды баласы Күсеп мырза.» делінген. Түсінікті болды. Бұл Кіші жүздің Байұлы тобына кіретін Сұлтансиықтың байбақты руына тиесілі қорым екен. Осы қауымдағы келесі бір құлпытаста оң қолдың алақаны мен бес қару, қайқы қылыш, шашақты найза, садақ, айбалта және білтелі мылтық бейнеленіпті. Құлпытаста «Тайлақ ұғлы Толыбай батыр» есімі жазылған.
Осы қорымда түп жағынан сынып, жерде құлап жатқан тағы бір құлпытас бар. Жазуы мүжіліп, өше бастаған ескерткішті ежіктей келе, Тайлақ батырдың өзіне қойылған белгі екенін анықтадық. «...ұғлы Тайлақ батыр офат ...жасында 1808 жылда. Бұ тасты қойды немересі Татанбай мырза.» делінген екен.»
Конференцияның алдында қатысушылар Бұлан ауылдық округі, Тайлақ қорымында болған болатын. Қазыбек Құттымұратұлы Тайлақ батырдың да, Толыбай мен Өгіздің де құлпытасын сол жерде де оқып көрсетті. Тастардың барлығы қорым Байбақтыларға тиесілі, Тайлақ батыр Күшпеннен шыққан деп сөйлеп тұр. Әр құлпытастың астына Байбақтылардың ру таңбасы мөрдей басылған. Осыдан-ақ, Жамбылда жатқан Тайлақтың жағалбайлы руына түк қатысы жоқ екендігі дәлелденіп тұр. Толыбай батырдың құлпытасының бас жағында араб тілінде бір ауыз өлең жазылыпты. Қазақшаға аударғанда, «Ажал – кесе! Күллі адам ол кеседен ішеді. Қабір – есік! Күллі адам ол есікке кіреді!» деген мәтін екен. Таста бес қарудың бедерленуі марқұмның батыр екендігін білдіретіні белгілі. Ал бес саусақ нені білдіреді? Тарихшы ғалым Серік Әжіғалиевтің нұсқасы бойынша, бес саусақтың бейнесі тірлігінде діннің бес парызын толық орындаған тақуа адамдардың құлпытасына ғана салынады. Қазыбек Құттымұратұлы осындай деректер айтты.
Енді тағы бір сауал туады? Тайлақ Мәметайұлы кім болған? Бұл сұраққа тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин толық жауап берді деуге болады. Ғалым Тайлақ Мәметайұлына қатысты Ресей архивтерінен алынған жаңа деректерін кешегі конференцияда таныстырды.
Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, Тайлақ Мәметайұлының ата тегі былайша өрбиді: БАЙҰЛЫ-СҰЛТАНСИЫҚ-Асқар-Байбақты-Батақ-Күшпен-Үсен-Мәметай-ТАЙЛАҚ.
Тайлақтың екі әйелі болған. Бәйбішесінен Есет, Толыбай, тоқалынан Өгіз бен Шолақ деген балалары болған. Екінші әйелі қалмақтың қызы екен.
-Әкемнен естіген әңгіме ғой. Қалмақтың босып жатқан кезі екен. Мәметей атамыз Тайлақты жауға ертпей кетіпті. Үйде жата алмаған Тайлақ жауға ауылдан жаяу шыққан. Жолай бір қарттың үйіне аялдайды. Қарт «Балам, қайда бет алдың?» - деп сұрайды. «Жауға кеттім!» - деп жауап береді Тайлақ батыр. «Шырағым, адам жауға жаяу шаба ма? Астыңа ат, қолыңа қару керек емес пе?» деген қартқа «Атты да, қаруды да жолдан табамын!» деген екен. Содан, қарт Тайлақты ерттеулі атқа мінгізіп, аттандырыпты. Жайықты атпен кешіп өткен Тайлақ қалмаққа қырғидай тиіп, бір кемпірді екі қызымен өңгеріп әкелген деседі. Бір қызды өзіне әйелдікке алып қалыпты,-дейді Тайлақ батырдың Толыбайдан тарайтын жетінші ұрпағы Мақсот Ерғалиев бұл туралы.
Былайғы жұрт Тайлақты батыр дейтіні белгілі. Тайлақ Мәметайұлының шын мәнінде Кіші жүзден шыққан атақты батырлардың бірі болғандығын, оның қалмақтармен соғысқандығын, орыстардың шекара шебіне шабуыл жасап, малдарын барымталап, тіпті адамдарын тұтқынға алған ержүрек сарбаз, Ресейдің отаршылдық саясатына ашық қарсылық көрсеткен қазақ батыры екендігін растайтын құжаттар Ресейдің төрт архивінде сақталған екен. Атап айтсақ, Орынбор облысындағы Ресейдің мемлекеттік мұрағаты, Мәскеу қаласындағы Ресей Мемлекетінің көне актілер мұрағаты, Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты және Ресей мемлекетінің әскери тарих мұрағатынан Тайлақ батырға қатысты нақты деректер шыққан. Деректер 1760 – 1780 жылдардың аяғына дейінгі уақыттарды қамтиды.
Жәнібек Исмурзин жария еткен Ресей мемлекетінің көне актілер мұрағатының 248 қатар, 113-ші тізіміндегі, 1442-інші «Дело о мере против киргизов» атты істің ішіндегі 1760 жылғы 30 сәуірдегі құжатта «...Байбақты руының қазағы, атақты Тайлақ батыр...» деп жазылған. Жазуды сол күйінде ұсынсақ, «...что байбактинского роду киргисцы человек со сто под предводительством того роду знатный Тайлака до Талпака батырей выехали с их худым намерением, а имянно для отгону лошадей и увозу людей. Ежели им удасться к Яику реке между Яицкого и Илецкого городков...» деген сөйлемдерді көруге болады. Тайлақтың есімі Байбақтының атақты батыры ретінде Нұралы ханның 1760 жылы 13 мамырда Орынбор губернаторы А.Р.Давыдовқа жазған хатында, коллежск регистраторы Я.Гуляевтың 1760 жылы 30 мамырдағы Орынбор губерниялық кеңсесіне жолдаған рапортында да анық аталады. Тіпті, хат пен рапорттың жазылуына Тайлақ батыр себеп болады.
Тайлақ батыр орыстар ойрандап қоймай, қалмақтарды да талай қан қақсатқан. Оған Қалмақ билеушісі Шеаренгтің 1764 жылы 24 мамырда Кіші жүздегі Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанға жазған хаты дәлел. Хатта Тайлақ пен Жанай батырдың қалмақты шапқаны баяндалады. «...ведомство вашего байбактинцы Джанай, то Тайлақ имянуемые батыри сними киргис кайсаков человек до сорока учинили на него нападение, отчего и окозалось убитых...» делінген хатта. Хаттың орыс тіліндегі аудармасы Орынбордағы мемлекеттік мұрағатта 3 қатарда, 1 тізімде, 73-інші іс болып сақтаулы.
Тайлақ Мәметайұлы батыр ғана емес, бір елдің атынан сөз айта алатын би де болған. 1786 жылы көктемде Ресейге ант берген Кіші жүз руларының старшын, би, батырларының тізімінде Тайлақ 142-інші болып тұр. «142. Байбактинского рода Тайлак Маметов, и за 1000 кибиток ручался» дейді.
1000 кибиток – 1000 шаңырақ деген сөз. Бір шаңырақта 4-6 адам бар десек, Тайлақ 5000-6000 адамның атынан сөйлейтін би болған. Оның батырлығы өз алдына, елде әкімшілік құзіреті де болған,-дейді тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзин.
Исмурзин мырзаның қолында Орынбор өлкесінің 1869 жылғы картасы да бар екен. Ол картада Тайлақ зираты Шідерті өзенінің жағасында деп көрсетілген. Демек, бәрі сәйкесіп тұр. Картада Тайлаққа қатысты Тайпақ жағында «Тайлақ қопа» деген жердің бар екені де айтылған. Сол жақта Тайлақ батырдың немересі Есетұлы Мыңжасардың зираты бар.
Тамыз айының басында «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясына Бұлан ауылдық кітапханасының меңгерушісінен «Батыр қорымына қоршау орнатылды» тақырыбында мақала келіп түсті. Мақалада Жамбыл ауылының іргесіндегі Тайлақ қорымына қоршау орнатылғаны, оған Орал, Ақсай қалаларында, Подстепное, Жымпиты, Бұлан, Өлеңті, Талдыбұлақ, Тасқұдық, Аралтөбе ауылдарында тұратын батыр ұрпақтары және Жамбыл ауылының тұрғындары ерікті түрде атсалысқаны, кейін марқұмдардың атынан ас берілгені айтылыпты.
Конференцияда Күшпендердің атынан ақсақал Мақсот Ерғалиев, Нұрсұлтан қаласындағы «KushpenGroup» көпсалалы компаниясының директоры Бейбіт Бисекешов сөз сөйледі. Бейбіт Бисекешов туған жерінің тарихы туралы көркем фильм түсіру туралы ұсыныс білдіріп, өзінің қолдауға дайын екендігін айтты. Қ.Мырзалиев атындағы мектептің мұғалімі, тарихшы Мұқат Қайыржанов конференцияда нақты, дәлелді деректердің белгілі болуына байланысты БҚО энциклопедиясындағы Тайлақ батырға қатысты ақпаратты түзету керектігін айтты және аудандық музейге қызылағаштық Тұрсынбек Бисенов тапсырған Тайлақ батырдың гүрзісі туралы сөз қозғады. Тарихшының айтуынша, жәдігердің өзі батыр туралы біраз ақпаратқа себеп болуы мүмкін. Тарихшы, өлкетанушы Нұржан Төлепов Жамбыл ауылына Тайлақ батырдың атын қайтару, Өлеңті өзенінің жағасындағы тағы бір Тайлақтың зиратын зерттеу ұсыныстарын көтерді.
Тайлақ батыр өмір сүрген ғасыр – Шоқан Уәлиханов «эпоха рыцарство», яғни ерлік дәуіріне тап келді. Қазақ халқының сыртқы саяси қатынастарының ең бір шиеленіске дәуірі батырлар шоғырын дүниеге әкелді. Бұл процес Кіші жүзде үлкен қарқынмен «іске асты». Байбақтыдан шыққан Тайлақ Мәметайұлы – заманның өзі тудырған батыр.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр конференцияның басында «Батыр көп. Қазақта бұзау көтеріп те батыр атанғандар бар. Бізге ел үшін атқа мініп, ерлік еткен, тар уақытта жұрты үшін тағдырын тәуекелге салған батырлар керек. Біз солардың есімін жаңғыртуымыз керек!» - деген еді. Бұландағы конференция сол міндетті абыроймен атқарған секілді. Елінің іздеуі, ғалымдардың зерттеуі арқасында Тайлақ Мәметайұлы тарих жадында қайта «тірілді».
Айтпақшы, ғалымдар Тайлақ қорымындағы құлпытастардан Толыбай, Өгіз, Ботақан, Татанбай, Күсеп деген тұлғалардың есімдерін оқыды. Бұл есімдердің де біраз тарихқа қатысы бар-ау.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
© zhaikpress.kz