Осыдан бірер ай бұрын Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен Тайпақ ауылында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жүннен өнім дайындайтын цех жұмысын бастағаны мәлім.
Апта сейсенбісінде цехтың қызмет барысымен танысуға осы жобаның негізін қалаған жапондық Харагучи Акихиса келді. Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі бастамашы болған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі ауылға сапарында жүннен бұйымдар жасау технологиясына қатысты бірқатар ақыл-кеңестерімен бөлісті. Ол бұған дейін осындай жобаны Қырғызстанда жүзеге асырған болатын. Қырғыз ісмерлерінің қолынан шыққан өнімдер қазір Күншығыс елі мен Еуропа мемлекеттерінде саудалануда. Жүннен өнім дайындау технологиясының жілігін шағып, майын ішкен шетелдік маман тайпақтық қыз-келіншектер шеберлігін әлде де шыңдаса, осы деңгейге жетіп, тауарлары экспортқа шығарылуы әбден ықтимал екенін айтты.
Цехтың жұмысына қазір жұмыссыз 5 әйел тартылған. Олар ауылдағы тұрғындардан қойдың жүнін тегін алып, оны қолмен жуып тазалайды. Артынан жүнді арнайы аппаратпен түтіп, одан аяқ киім, кәдесый, өзге де бұйымдар дайындайды. Цех қызметкерлері болашақта жақын маңдағы шаруа қожалықтарымен келісімге отырып, қажет шикізатты алдырмақ.
А.Харагучи цехтағы жуудан бастап дайын өнім шығарғанға дейінгі жұмыспен танысып, жүнді қылшықтан тазарту, жұмсартып, иіс-қоңысынан арылту технологиясының қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін баяндады. «Бағыт дұрыс, бірді-екілі сын айтқан тұсым бар. Осыған құлақ асып, іс жүзінде пайдаға жаратса, тайпақтық шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды саудаға шығаруға көмектесемін. Қазір жүннен жасалған өнімдер өркениетті елдерде сұранысқа ие, себебі экологиялық таза, еш зияны жоқ. Қызметкерлерге ерінбей-жалықпай еңбек етіп, жұмыс процесін автоматтандыруға талпынып, әлі де кәсіби тұрғыдан іздену керек», - деді ол.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz