13.07.2023, 10:45
Оқылды: 50

Тайпақта халыққа қызмет көрсету орталығының секторы ашылды

Осыдан екі жылдай бұрын халық санының аздығына байланысты халыққа қызмет көрсету орталығы жабылып қалған болатын. Аудан орталығынан қашықта орналасқан ауыл-елді мекен тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін орталықтың жабылғаны біраз ыңғайсыздық тудырғаны рас.

5

Қажет құжаттарды рәсімдеу үшін осы екі жыл бойы Тайпақ және оған жақын ауылдық округтер араға 150 шақырым тастап, аудан орталығына келуге мәжбүр болды. Мәселе бір күнмен шешілсе, игі. Кейде бір қағазды алу үшін ауыл мен Чапаевтың арасында бірнеше күн сенделуге тура келетін. Тұрғындар осы мәселені талай мәрте аудан әкімі, облыс әкімімен кездескенде көтеріп, халықтың тілегі ескерілді. Ескі де жаңа орталық облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің ықпалымен ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.

Оның ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Асқар Сәндібаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Рауан Бисенғалиұлы қатысып, жұртшылықты қуанышымен құттықтады. Лентасын А.Сәндібаев пен еңбек ардагері, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Ғайнолла Садыров кесті.

– Тайпақта ашылған жаңа нысан аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының секторы. Мұнда екі маман тұрғындармен жұмыс жасайды. Осыған дейін құжат рәсімдеу үшін аудан орталығына келу қажет болса, енді біздің орталықтың қызметі түгелдей осы секторда көрсетілмек. Яғни Тайпақ, Алмалы, Сарытоғай, Базаршолан, Базартөбе ауылдық округтерінің тұрғындары алысқа сапарламай-ақ, осы сектордың қызметіне жүгіне алады, – деп хабарлады аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Жәния Амангелдіқызы.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале