Орал қаласында көзіңіз шалған шығар, шіліңгір шілдеден бастап жолдың бойында «Тайпақ» деген жазуы бар сары картонды тау-тау қарбыздың үстіне қонжита салып, қара жолдың шаңына бөгіліп отыратын саудагерлер көбейе қалады. Ақжайық ауданының брендіне айналған осы өнімді жарнамалағандардың қасында сатып алушылардың да қарасы қалың екенін де байқағаныңыз анық. Ал солардың, расында да, дәмі тіл үйірер тайпақтық ала жемісті сатып отырғанына кім кепіл? Алыс жолға шыққандардың соған мән беріп жатқаны шамалы. Ал жуырда осындай қарбыздардың нағыз «оригиналын» саудалайтын екі орын Алмалы мен Атамекен ауылдарының тұсында ашылды.
Көлемі 6,3 шаршы метр болатын екі ауылдағы әсем безендірілген орынға аудандық бюджеттен 950 мың тенге қаражат бөлінген. Бұл шаруа мамыр айындағы жұмыс сапарында алмалылық бақшашылармен жүздескен облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тікелей тапсырмасымен қолға алынғанын атап өту керек.
Енді өткен-кеткен жолаушылар бір қайырылып, жеңсік аспен шөл басып кетеді. Бүгінде осы орындарда өз өнімдерін 10 шақты шаруа саудалауда. Әр күнде сауда әрқалай – бірде 400-500 келі өтіп жатса, сапарлаушылар көбейгенде, 1 тоннаға дейін өнімнен пайда түседі.
– Бақшадан түскен қарбыздардың басым бөлігін ірі орталықтарға жөнелтеміз. Ал Атамекеннің тұсындағы сауда нүктесінен өзімізге күнделікті нәпақамызды айырып отырмыз. Бұл ала жаздай күн астында тер төгіп, бақша өсіретін біз секілді шаруалар үшін керемет мүмкіндік. Қара жолдың бойында кімдер жүрмейді. Кейде шетелдіктер де арнайы тоқтап, алып жатады, – дейді «Жігер» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Өтешев. Айтса айтқандай-ақ, жайма базарға кідіріп, сауда жасаған жолаушылар қарбыздың әр келісін 120 теңгеден қолға тиізбей-ақ алып кетіп жатыр.
Асыл Қайрат,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz