Жәнібек ауданы қуанышын тойлауға жоспарланған шаралардың тамаша нүктесін қойған дала қызықтары аудан тұрғындары мен қонақтарына керемет мереке сыйлады. Айтулы күні ауа райы да жарқырап, үлкен-кішінің бәрі ауылдың шығыс бетіндегі тойтөбеден табылды. Әр ауылдық округ ақшаңқан киіз үй тігіп, мерекенің ажарын ашты.
Тойтөбеге жиналған спортшылар «Түйе палуан», «Қой көтеру», «Гір тасын көтеру», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тай жарыс», «Топ бәйге» «Аламан бәйге» сынды ұлттық ойындардан сынға түсті. Дала қызықтарын тамашалауға көршілес РФ-нан Волжскі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Әлжаппаров пен Саратов облысының "Достар"қазақ ұлттық қоғамдастық бірлестігінің басшысы Ерболат Өтешов келді.
Бәйге десе делебесі қозатын қазақ баласы бұл жарыстан шет қалған жоқ. Тартысқа толы додаға Жаңақала, Бөрлі, Сырым, Тайпақ, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала ауданы мен Жәнібек ауданының шабандоздары қатысты.
«Көкпар» ойынының қорытындысы бойынша 220 мың теңгелі 1- орынды Жәнібек, 150 мың теңгелі 2- орынды Күйгенкөл, ал Қазталов ауданының командасы 70 мың теңге сыйақысымен 3-орынды місө тұтты.
«Тай жарысында» бірінші болып мәреге жеткен Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылының шабандозы Ершат Омарғалиев (150 000 теңге) жеңімпаз атанды. Ал 2-орынды қаратөбелік Айсұлтан Миразат (100 000 теңге)алса, 3-орынды тасқалалық Арыстанбек Қуандық (50 000 теңге) қанжығасына байлады.
«Топ бәйге» жарысында үштіктер қатарынан көрінген Ержігіт Жайықбаев (Тайпақ, 500 000 теңге) 1-орын, Арыстанбек Бақышев (Тасқала 300 000 теңге) 2-орын, Ершат Отарғалиев (Жаңақала ауданы Пятимар ауылы, 200 000 теңге) 3-орынды иемденді.
Сондай-ақ 21 шақырымдық «Аламан бәйгеде» Тайпақ ауданының шабандозы Саят Серікқали (1 миллион теңге) тізгіндеген «Жалын» есімді жүйрік мәре сызығын бірінші болып өтіп, жеңімпаз атанды. Бөкейордалық Ершат Омарғалиев (750 000 теңге) 2 -орынға және Жаңақала ауданына қарасты Пятимар ауылының шабандозы Ержігіт Жайықбаев (500 000 теңге) 3-орынға лайық деп танылды.
Айтулы жарыста жауырыны жерге тимес балуандар да өзара белдесті. Қазақ күресі (70 келіден жоғары «Түйе палуан») жарысының қорытындысында 1, 2, 3-орындарды тиісінше Нұрымжан Ғаббасов (Сырым ауданы, 200 000 теңге), Көлбай Теміржан (Бөрлі ауданы, 120 000 теңге), Амангелді Бақытжан (Жәнібек ауданы, 70 000 теңге) алды. Жәнібек аудандық күрес Федерациясының Президенті Асқарбек Нығметовтың атынан Бақытжан Амангелді мен Алмас Батырхайыровқа 20 000 теңгеден ақшалай сый-сияпат берілді. Сондай-ақ қазақтың ұлттық ойыны аударыспақтан 1, 2, 3-орындарды сәйкесінше Бекарыс Бейбітұлы (Ақоба ауылы, 30 000 теңге), Мирас Берікбаев (Жәнібек ауданы, 20 000 теңге) және Асуан Құсайынов (Ұзынкөл ауылы, 10 000 теңге) иеленді. Спорттық шарада қой көтеру жарысынан 14 қатысушының ішінен дара шыққан сырымдық Нұрымжан Ғаббасов 59 мәрте қой көтеріп, бір қойды қанжығасына байлады.
Дүбірлі додада «Гір тасын көтеруде» Серік Самодиянов (Жәнібек ауданы, 30 000 теңге) 1 орынға, Қуанғай Жанқуатұлы (Бөкей ордасы ауданы, 20 000 теңге) 2-орынға, Асхат Бисаков (Жәнібек ауданы, 10 000 теңге) 3-орынға шықты.
Барлық қатысушы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медаль және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Лаура Халина,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz