Жәнібек аудандық музейі «Шыншыл да сыршыл жырларымен өр Тайыр, Сақталып қалар қазақтың мәңгі жадында» атты ақынның 110 жылдық мерейтойына арналған кеш ұйымдастырды.
Кешке «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудандағы мәдениет қызметкерлері, ардагерлер, ұстаздар, аудан орталығындағы білім ордаларының оқушылары, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенттері қатысты.
Шараға қатысушылар Тайыр ақынның өмір жолы, Күйгенкөл ауылында бой көтерген ақын ескерткішінің тұрғызылуы тарихына, шығармашылығынан көптеген мағлұматтарға қанықты. ҚР Мемлекеттік орталық архивінің кинофотоқұжаттары мен дыбыс жазбалары қорынан алынған бейнетаспадағы Тайыр ақынның дауысы көрермендерді бей-жай қалдырмады.
Жиында Біржан Қайырғалиұлы ақынның 110 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан шараның жас ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталып, ақын тойына шаралар аудан көлемінде жалғасатынын айтты.
Кешке қатысқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Уәлиев, ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов, 1965 жылдан бері ақын есімін иеленген Тайыр Жароков атындағы мектеп директоры Сержан Қошанов, суретші Төлебек Есімғалиев, Тегісшіл негізгі мектебінің директоры Әлия Ысқақова Тайыр Жароков туралы әңгіме өрбітті.
Бір топ студент пен оқушы ақынның өлеңдерін оқыды. Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы жанынан құрылған «Бард әншілер» тобы ақынның өлеңіне жазылған «Миллион толқын» әнін орындап кештің көркін кіргізді.
Шара соңында аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова қатысушыларға алғыс айтып, кешке белсенді қатысқан меймандарға естелік сыйлықтар табыс етті.
Әсемгүл Қуанғалиева,
Жәнібек ауданы