2.04.2026, 16:45
Оқылды: 11

«Тақылдап тұрған тілінен..!»

Дәл осындай тақырыппен Тасқала ауданында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған аудандық байқау өтті. Шара Тасқала ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2026 жылға арналған жоспары аясында «Облыстық “Қазақ тілі” қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.

тақылдап тұрған тіліңнен 3

Байқау аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы театрда ұйымдастырылып, оған 4–5 жас аралығындағы мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері қатысты. Сайыстың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің қоғамдағы рөлін нығайту және тілді еркін меңгерген бүлдіршіндерді анықтау. Сонымен қатар, жас қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мен сахна мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. «Балалық шақтың тәтті үні» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, өлең немесе проза оқыды. «Жырлаймын туған жерімді» бөлімінде Отан туралы шығармаларды мәнерлеп жеткізді. Үшінші кезең – «Кел, санайық санамақ!» арқылы балалар санамақ айтып, тілдік шеберліктерін көрсетті. Ал «Ертегілер еліне саяхат» бөлімінде қазақ ертегілерінен көрініс қойып, актерлік қабілеттерін танытты.

тақылдап тұрған тіліңнен 4

Байқау қорытындысы бойынша І орынды «Балдырған» бөбекжайының  тәрбиеленушісі Амина Сариева жеңіп алса, жүлделі  ІІ орынға «Бөбек» бөбекжайының тәрбиеленушісі  Әлинұр Сағындық қол жеткізді. Ал,  ІІІ орынды  Оян «Мектеп-бөбекжай» балабақшасының тәрбиеленушісі Аят Жұмасейіт иеленді. Қалған қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.

тақылдап тұрған тіліңннен

Бұл байқау – жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шара. Осындай игі бастамалар қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, болашақ ұрпақтың тілге деген құрметін нығайта түседі.

 

Гүлмира Мақанова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале