Бүгінгі бала да, кешегі дана да бесікте түлеп, бесікте өсті. Ол құтты мүлік саналғанымен, кейінгі уақытта жас отбасылар оны ескіліктің сарқыты деп санай бастады. Тіпті, дамыған медицина да бесікке қарсы. Сонау ерте заманнан бері қолданыстан түспеген бесікке сұраныстың күрт төмендеуіне не себеп? Бұл сауалымызға Жәнібек аудандық орталық аурухананың балалар дәрігері Әсем Теміржанқызы былай деп жауап берді:
- Бірнеше жылдан бері дәрігерлер жас аналарға бесікті қолданыстан түбегейлі алып тастауға кеңес беріп келеді. Оның тазалығы, тыныш ұйқыны қамтамасыз ететіні бөлек әңгіме. Ата-аналар арасында баланы бесікке бөлемесе аяғы қисық болады деген сенім қалыптасып қалған. Медицина баланы бесікке бөлеуге қарсы. Себебі, бала 4-6 айға дейін еркін өсуі керек. Ал біз болсақ баланы бөлейміз, аяқ-қолын тас қылып байлаймыз. Одан қалды, шайқалтып тербетеміз. Бетін екі қабат матамен тұмшалап жауып қоямыз. Бұл дұрыс емес. Бала дүниеге келгеннен кейін үш күн ішінде атаанасын тани бастайды, дауысын естиді. Сондықтан онымен сөйлесіп, көзіне тіке қарап күлдіріп, аяққолын ширатып, дене жаттығуларын көптеп жасауымыз қажет. Ол анасының жақсы көретінін сезінуі керек. Жас аналар баланы емізіп болғаннан кейін, кекіртіп алмай бөлеп тастайды. Кейбіреулер тіпті бесікте емізіп, шайқалтып тербетеді. Қазір әйелдердің денсаулық жағдайына байланысты да бесікке рұқсат бермейміз. Неге дейсіз ғой? Егер жаңа туған нәрестенің туабітті даму ақаулары бар болса, шала туылған немесе орталық жүйке жүйесіне зақым келген жағдайда үзілді-кесілді бесікке бөлетуге қарсымыз. Жас ата-аналарға осыны түсіндіріп жүрміз. Қан құйылу, гематома секілді аурулардың алдын алу үшін бесікке салмағаны дұрыс екенін айтамыз, - дейді балалар дәрігері.
Жәнібек ауылының тұрғыны Бәтима Азаматова балаларының бәрін дерлік бесікке бөлеп өсірген. Қазақтың салт-дәстүрін киелі деп санаған ақ жаулықты ана қасиетті бесік балаға тазалық пен денсаулық сыйлайды дейді. Ал оның қолданыстан шығып қалуы ата-бабамыздың аманатын ақтамағанымызбен тең деп өкініш білдіреді.
- Өмірге келген сәбидің алғашқы отауы – бесік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзде оның қадір-қасиетінің елдік деңгейде екенін аңғару қиын емес. Біріншіден, бесік – тазалық пен гигиенаның таптырмас құралы. Оның шүмегі, түбегі, жөргегі мен жаялығы баланың асты құрғақ және таза болуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі «памперс» пен «хаггиес» – таза химиялық қосындының жемісі. Ал бесік әлдеқайда таза, әрі денсаулыққа да зиян әкелмейді. Екіншіден, бесік жаңа туылған, енді қалыптасып келе жатқан баланың физиологиясына өте пайдалы. Оның төсек салынатын, түбек орналасатын тақтайлары баланың омыртқасын түзу етіп қалыптастырады. Бүгінде омыртқасы қисайғаннан неше түрлі дертке шалдығып жүрген балаларды көріп жүрміз. Бесік жырының өзі қандай керемет. Сұлтанмахмұттың «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» деген өлең жолдары бар. Бесік жыры тұнып тұрған дұға-тілек. Міне, осыдан-ақ оның құдіретін ұғына беріңіз,- деді ол.
Аудан тұрғыны Лунара өзінің екі баласын да ақ бесікке тербеткен. Дүниеге келгенінен бастап 1 жасқа дейінгі аралықта балаларын бесіктен түсірмеген ол:
-Мен үшін жаңа туған нәрестеге бесіктен артығы жоқ. Өз аяқ-қолынан шошынбау үшін құндақтап, құлап қалмас үшін екі жерден байлап, жып-жылы төсекте алаңсыз ұйықтауы, балам үшін ғана емес, мен үшін де өте жайлы болды. Медицина құндақтауға, бесікке таңып байлауға қарсы болса да бесіктен бас тартпадым. Біздің алдымыздағы аға буын да, біздер де ақ бесікке бөленіп, құндақталып өстік. Бірақ, Аллаға шүкір, аяғымыз не омыртқамыз қисайып кеткен жоқ. Сондықтан мен, керісінше, баланың бесікке бөленгенін жөн көремін,- дейді.
Дегенмен баланы бесікке бөлеу дұрыс емес деп есептейтін ата-аналар да баршылық. Оған еш шектеу қоя алмаймыз. Медицина мамандары жас ананың құлағына бесіктің зиянын айтып құйып тастаған.
-Әр отбасы – бір мемлекет. Сол мемлекеттің өзінің алдына қойған мақсаттары мен ұстанымы болады. Бізге әу баста, жүктілік кезінде ата-аналарымыз өзектеріңді жарып шыққан бала өздеріңдікі, қалауларың білсін, қайда ұйықтаса да аман-есен өссе болды деген болатын. Жолдасымыз екеуміз қазіргі заманауи кереуетті сатып алуды жөн көрдік. Жарық дүниені енді жарып шыққан баланы бесікке бөлеп, аяқ-қолын матап тастауды обал көрдік. Бала еркін өссін, еркін дамысын дедік. Бесікке бөлегенде сәбиді екі жерден қатты байлайды. Ол баланың қанайналым жүйесін бұзады дегенді естідік. Қазір балаларда дисплазия ауруы жиі кездеседі. Баланың аяғын тік екіге байлап тастаған жағдайда оның ұршығы жамбас сүйегіне сәйкес келмей тұрады. Мен баламды сол себепті бесікке тұрғыны Айнұр.
Сондай-ақ ауданымыздағы қолөнер шебері, бүгінде жиналмалы бесік жасап жүрген жас ұста Елдос Сағадетовты сөзге тартып, «Соңғы жылдары қазақтың тал бесігі қаншалықты сұранысқа ие?» деген сұрақ қойдық. Оның айтуынша, аудан бойынша бесікке ай сайын 5-6, жалпы республика бойынша он шақты тапсырыс түседі екен. Олардың көбі әсіресе, жиналмалы, әр түрлі қазақы оюы барына немесе нәрестенің аты жазылғанына көптеп түседі дейді. Елдос сәбиге ең пайдалы құрал болып табылатын тал бесікке сұраныс алдағы уақытта әлі де жоғары болатынына сенімді.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Бесігі жоқ елден қорқамын» деген екен. Алайда, бүгінде баласын бесікке бөлейтін отандастарымыз азайып барады. Тіпті, соның нәтижесінде «бесікке бөлеу», «ана жыры», «тыштыма» секілді ұлттық салт-дәстүріміз ескінің еншісінде қалып бара жатқандай. Ал қазақты қазақ етіп әлемге танытқан оның ұлттық мұрасы, сана-сезімі мен таным-тіршілігінің арқасы екені хақ.
Гүлім Қабдолова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz