Бүгінде ең жиі талқыланып жүрген мәселенің бірі – әйел адамның зейнет демалысына шығу жасы. Үш-төрт адам бас қосқан жерден бастап, үкімет басы, Парламент Сенатында айтылып жатқан осы мәселе туралы алып-қашпа әңгіме де көп. Өткен аптада WhatsApp әлеуметтік желісінде «Әйелдер 58 жастан зейнет демалысына шығады-мыс» деген хабар тарап, елеңдеп қалғанымыз бар. Бұл хабарды кім таратқаны белгісіз, десек те, зейнетке ертерек шығып, бейнетпен атқарған қызметінің зейнетін көруге асыққан жандар үшін үміт отын жаққандай болып еді...
Дегенмен, әзірге еш өзгеріс жоқ. Сол талқылану үстінде көрінеді. Елімізде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтiк негiздерiн айқындау, азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылуға конституциялық құқығын iске асыруға мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қатысуы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңмен реттеледі.
Заңның «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау» қаралған 11-бабында:
«1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау:
2001 жылғы 1 шiлдеден бастап – ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.
Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі» деп көрсетілген. Яғни, 2018 жылға дейін Қазақстанда зейнет жасы ер адамдарға 63, әйелдерге 58 жастан болғанды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Осылайша, әйелдердің зейнет жасы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 63 жасқа жетеді. Десе де, зейнетке ертерек шығатын да әйелер бар. Мәселен, бес және одан да көп баланы сегіз жасқа дейін өсірген аналар, Семей ядролық полигонында тұрған әйелдер зейнет демалысына ерте кете алады. Ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.
Осыған байланысты әйелдер жағы «Біздің зейнетке шығуымызды ерлермен теңестірген дұрыс емес. Әйел адам бала көтереді, оны күтіп-бағады, денсаулығын береді. Сөйтіп жүріп үй тіршілігі мен қызметін қатар алып жүретіні тағы бар. Сонда ер адам мен айел адамның денсаулығын салыстыруға болмайды ғой» деп жатыр.
Ал осы жас теңестіруге не себеп болды? Әркім өзінше айтады. Зейнет жасының жоғарылауына ашынған әйелдер жағы «Пенсияға жеткен де бар, жетпеген де бар. Бізге зейнетақы төлемеу үшін, сол арқылы қаржы үнемдеуге жасалған шара» деседі.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген ресми жауапта бұл қадамға бюджет қаражатын үнемдеуге емес, әйелдердің зейнетақысының көлемі төмен болмауы үшін қабылданған деп отыр.
Министрліктің айтуынша, Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады: ынтымақты, базалық және жинақтаушы. Қазір ынтымақты зейнетақы алатындар қатары азайып келеді. Себебі, оны жинақтаушы жүйе енгізілген 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болған адамдар ғана ала алады. Одан бері де 23 жыл өтті. Зейнетақының ол түрін алушылардың азаюы да заңды. Қолға алатын зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне тікелей байланысты болғандықтан, ынтымақты зейнетақысыз алатын ақша айтарлық кемитіні сөзсіз. Бұл ретте басымдық жинақтаушы, яғни, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатқа түседі. Былайша айтқанда, зейнетақы аударымы көбейген сайын, зейнетақының да мөлшері артады. Зейнетке шығу жасын төмендетудің орнына, керісінше, жыл сайын арттыру сол себепті қолға алынды. Ол сонау 2014 жылы Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін модернизациялау концепциясында бекітіліп кеткен.
Яғни, әйелдерге зейнет жасының өсуі аяқ асты енгізілген емес, жоспар бойынша келе жатқан шара. Сондай-ақ әйелдердің алпыстан асып зейнетке шығуы тек біздің елде ғана емес екен.
Мысалы, қазір көршілес Ресей Федерациясында да зейнет жүйесі реформалану үстінде. Реформада 2019-2028 жылдар аралығында кезеңмен әйелдердің зейнетке шығуын 55-тен 60 жасқа, ерлерді 60-тан 65жасқа жеткізу қаралған. Түріктерде бұрын зейнетке шығу 45 жастан болған көрінеді. Дегенмен, азаматтарының зейнет демалысына ерте шығуына байланысты зейнеткерлер көбейіп, еңбекке жарамды тұрғындары саны азайып кеткен. Сондықтан, үкімет заңды өзгертіп, зейнетке шығу жасын көтерген. Қазір Түркия Республикасында әйелдер 58, ерлер 60 жастан зейнет демалысына шығады. 2046 жылы ерлерді, 2048 жылдан соң әйелдерді 65 жастан зейнетке жіберу жоспарланған.
Бізге табиғаты мен өмір сүру әдеттері неғұрлым жақын Қырғызстан да зейнет жасын көтеруді қолға алыпты. Қазіргі жүйе бойынша 40 жыл еңбек өтілі бар ер адам 60 жаста, 35 жыл еңбек еткен әйел адам 55 жаста демалысқа шыға алатын еді. Жалпы зейнет жасы – ерлерге 63, әйелдерге – 58 болатын. Енді кейбір санаттағы халық үшін оларда зейнет жасы өсіп отыр. Соның ішінде мемлекеттік қызметтегі әйелдерді 60 жастан демалысқа жіберу қаралған. Бұның себебі – әйелдердің жалақысы мен еңбек өтілі ерлерге қарағанда төмен. Соған байланысты зейнетақысы да төмен болғандықтан, зейнет жасына жеткен әйелдер еңбек етуді жалғастырып жүр екен.
Бізде де осындай себеппен жұмыс жасауды жалғастырып жүрген әйелдер аз емес. Жариялап көрсетпеуді қалаған екі-үш танысым «Зейнетақым жеткілікті болса, жұмыс жасамас едім. Кезінде жалақым мардымсыз болды. Қазір зейнетақым да оншалықты тойымды емес. Әзірге әлім болған соң, жұмыс жасап жүрмін» дейді.
Міне, осы жерде келіп, «Әйелдің 63-ке дейін жұмыс жасауына әлі болып тұр ғой» дерсіз... Жоқ. Қайраты тасып тұрғаннан емес, ептеп-септеп, күнкөріс үшін жасайды да.
Жуырда осы мәселені жоғары деңгейде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт көтерген болатын. «Қазақстандық әйелдердің жұмысы мен өмірін әлемдік стандарттармен өлшеуге болмайды» деген ол:
Осыған дейінгі заңда әйел адамдар 63 жаста зейнетке шығу керек дейді. Өмір сүру жасы – 71 жас. Сонда бар жоғы өмір қызығын көруге сегіз-ақ жыл бар ма? Бұл өз азаматтарымызға деген не деген мейрімсіздік? Үкімет ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастырып жатыр. Бұл жерде бәрін бөлек-бөлек қарамай әйелдердің де зейнетке шығу жасын да осы жерде қарап, бұл мәселені тездету керек сияқты, - депті. Жаны бар сөз.
Зейнет жасын көтеру заңы дайындалған кезде біздің ел мамандары әлемдік тәжірибені жан-жақты қарап, соған сүйене отырып жасаған болар.
Мысалы, Жапонияда әйелдер 65 жаста зейнетке шығады. 60 жасында кетем десе де өз еркі. Себебі күншығыс елінде өмір сүру ұзақтығы – 87 жас екен орта есеппен. Қазақстандық әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы шешім 2015 жылы қабылданған. Онда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жас деп есептелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жас деп төмендеді. Яғни, тағы бір жылға кеміп кетті.
Бұл мәселе жасы елуден асып, зейнет жасына жетуді санап жүрген әйелдер үшін өте маңызды. Әсіресе, ауылдық жерлердегі әйелдер үшін қиын. Қала мен ауыл тұрмысын салыстыруға келмейді. Ауылда таңнан кешке дейін үзіліссіз еңбек. Мал, бала, отын-су, қызмет – осының бәрі әйел адамға жүк. Адам елуден асқан соң-ақ күш-қуаты кеми бастайды. Оны өз басымнан дәлелдей аламын. Елуге дейін жүгіріп жүріп атқаратын іс қазір шаршататыны рас. Зейнетке шығу жасымызды ер-азаматтармен теңестіреміз дейді. Әйелдің болмыс-бітімі ерлерден қалыс екені есепке алынды ма? Соңғы үш-төрт жылда «шәй басындағы» әңгіме болып келе жатқан бұл мәселе Үкімет деңгейінде айтылып жатыр. Парламент қабырғасында да көтеріліпті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселені жыл аяғына дейін талқылау жоспарда бар дегенді айтыпты. Үміт – Үкіметте.
Айсәуле Құмарғалиева, Жайық жалпы негізгі білім беретін мектебінің директоры:
Зейнет жасы жыл сайын өсіп келеді. Биыл зейнет демалысына 60,5 жасқа толған әйелдер шығып жатыр. Шындығын айту керек, өзіммен әріптес әйел адамдардан байқап жүрмін, алпыстан асып жұмыс жасау қиын. Мұғалімдердің дені әйел адамдар ғой. Қанша қара жұмысқа түскен жоқ, үстел басында отырды дегенмен, олар да зейнетке шаршап шығып жатыр. Сыныптағы жиырма шақты баланың әрқайсымен дербес жұмыстану, сабақ түсіндіру және басқа да қимыл-қозғалыстар шаршатады. Психологиялық және эмоциялық жағынан сарқылады. Сондықтан әйелдерді, әсіресе, ұстаз әйелдерді 55-58 жастан зейнет демалысына жіберген жөн болар еді. Олардың орнына жас мамандар келіп, жұмысқа орналасады. Бұл да мектеп үшін жақсы. Жас ұстаздар білім беру жүйесіне өзіндік жаңалық алып келеді. Балалармен бір толқында жұмыс жасайтын жастар мектепте өте қажет.
Күміс Сәпиқызы, Теректі ауылының тұрғыны:
Менің ойымша, әйел адамның 58 жастан зейнетке демалысқа шығуы дұрыс. Әйел адамның өмірі мен тіршілік-қызметін ер адаммен тіпті салыстыруға келмейді. Мен зейнет демалысына 63 жасқа толған соң жетеді екенмін. Ол кезде саулығым қандай болады? Немере-жиен қарасып, ел көріп, туыстарды аралайтын халіміз қала ма? Иә, үстел басында қызмет жасап, қалада тұрған әйел адамдар әлі ширақ болатын шығар. Ал ауылдағы әйелдер 55 жаста-ақ шаршап жүретіні рас. Бұл істің бір жағы дейік.
Екіншіден, жастарға жұмыс жоқ дейміз. Диплом алған жастар мамандығына сәйкес жұмыс таба алмай жүреді. Егер алпыстағы адамдар қызметте отырса, қайдан болады? Иә, ондай маманның жұмыс тәжірибесі жоғары болатын шығар. Бірақ, жаңа технологияларға жетік болады немесе жалындап жұмыс жасайды деп айта алмаспын. Сондықтан әйел адамды 55-58 жастан, ер адамды 60 жастан зейнет демалысына шығарған дұрыс болар еді.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz