12.11.2021, 9:27
Оқылды: 74

«Талант - табиғаттан, талап - өзіңнен»

Республика бойынша мақұлданып, Жамбыл облысында мектеп оқушыларына арналған «Ұлы дала өркениеттері» атты байқаудың Ақжайық ауданы Ораз Исаев атындағы орта мектепте қолға алынғаны баршамызды қуантты. Сондай-ақ бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

8381c463-b100-430c-abf7-0ae02019b467

Жас ұрпақ тәрбиесінде елеусіз ештеңе қалмауы керек. Мектеп директоры Нұрлан Есболатов байқаудың ережесімен өзі мұқият танысып алған соң, мұғалімдер қауымымен ақылдасты. Бәрін ой елегінен өткізді. Саралады, салмақтады. Мұғалімдердің ұсыныс-пікірлерін ескерді. Жобаның  мақсаты ұжымның ойынан шықты. Онда «Қазақстан халқының ұрпақтар сабақтастығы арқылы мәдениетін, ана тілін, ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту. Дәстүрлерді жаңғырту және ілгерілету мәселесіне баса көңіл бөлу, ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ жастарды өз халқының мәдениетіне, халық шығармашылығын қайта жаңғыртуға тарту, оқушылар мен оқытушылардың арасында ұлттық идеологияны арттыру, танымал ақындармен кездесу» – делінген. Осыған сай «Нағыз  қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра» флешмобы, «Ұлттың тілі, дәстүрі, мәдениеті – сол ұлттың жаны» жастар мен қазыналы қариялармен кездесу, «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» қазақ тіліндегі эссе байқауы, «Мәдениет – ұлттың қайта өркендеу коды» дөңгелек үстел отырысы, «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» аудандағы өнер адамдарымен кездесу өткізу т. б. бөлімдерді жоспарлап, жауапты адамдарды белгіледі. Соңғы аталған шараға Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әли медалінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын Сағынтай Бисенғалиев, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Бақтығали Қоспаев, «Таным» ҚБ жетекшісі, ауданның қоғам белсендісі, республикалық медиаторлар байқауының жеңімпазы, ауданның медиаторы Құрман Бисеғалиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын Тілес Жазықбай қатысты. Шараға Көнеккеткен ауылдық округінің әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваның осы шараның ортасында болуы да басталған істің маңызын айтпай-ақ түсіндіреді.  Тақырыпқа сай безендірілген мектептің мәжіліс залында келген қонақтармен шырайлы әңгіме өрбіді. Олар байқау шарттарына сәйкес  кездесушілердің сұрақтарына жауап берді, тілдік өнер туралы пікірле-рін білдірді, шығармашылық жетістіктерін баяндады. Талап пен таланттың бірлігінен туатын өлең туралы ой өрді.

Ұлы педагог Ы. Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені ол мектептің жүрегі» деген болатын.  Осы орайда  мектеп тәрбие ісінің меңгерушісі Ақерке Жолмұқатова, мұғалімдер Фариза Айтқалиева, Гүлбаршын Сүлейменова, Талғат Сүлейменов, Перизат Сапарғалиева сияқты өз істеріне жауапты мұғалімдердің «Ұлы дала өркениеттері» жобасындағы көшбасшылық рөлі көзге түсіп жүргендігі аңғарылды. Осы байқаудың жүзеге асуына өз үлесін молынан  қосқан шәкірттерді де ұмытпаған жөн. Ескендір Дайырқұлов, Айкөркем Бержанова, Нұрлан Алмасхан сияқты оқушылар талант биігіне қол созғандығы анық. Жалпы, алдына қойған мақсатына ұмтылған О. Исаев  атындағы орта мектептің барлық ұжымы бастаған істерін тиянақты аяқтайтындығына сенеміз.

Тілектес  Сағын,

Ақжайық  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале