Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Балдәурен» балалар шығармашылық фестивалі өтті. Аталмыш байқауда іріктеу кезеңінен өткен ауылдық мәдениет үйлері жанындағы үйірме мүшелері және аудандық білім ордаларынан дарынды өнерпаздар қатысты.
Сайысқа қатысушылар 7 бағыт бойынша, яғни эстрадалық вокал, хореография, халықтық музыка, домбырамен ән салу, поэзия, сурет өнері және вокалды аспаптық ансамбль бойынша өнер көрсетіп, бақ сынады. Дарынды таланттардың өнерлерін әділ бағалайтын әділқазылар алқасы құрамында мәдени-демалыс орталығының әдістеме бөлімінің меңгерушісі, әнші Жанболат Мұсағалиев, орталықтың үйірме жетекшісі Найля Сисенғалиева, көркемөнерпаздар бөлімінің меңгерушісі, домбырашы Нұржан Отарбаев, Болатбек Өтешқалиев және мектептен тыс жұмыс орталығының қосымша білім беру педагогы Жомарт Төлегенов, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі Данияр Нысанғалиев болды.
Байқау Үлгілі «Гүлдәурен» би ансамблінің «Жастар» биімен ашылды. Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева шын мықтылар шыңдалатын жарыстың ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң жас өнерпаздар сайысты бастап кетті. Таңдайына бұлбұл ұялаған күміс көмей әншілердің, мың бұралған бишілердің, сондай-ақ қоңыр дауысты домбыраның үнімен тербеткен күйшілердің өнеріне қанық болдық. Шара соңы «Балдәурен» гимнімен аяқталып, марапаттау рәсіміне жалғасты. Балалар шығармашылық фестивалінің қорытындысын жақын уақытта жариялайтын боламыз.
Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz