Бүгін Казталов ауданындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен облыстық «Талантты ауыл баласы» жобасының ауылішілік байқауы өтті.
Казталов ауылдық округінде өткен байқаудың өтуіне мұрындық болған «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Айбар Хайырханов болды. Мегажобаға ауданымыздың 20-ға жуық жас дауыс иелері қатысты.
Балалар жылына орай ұйымдастырылған байқауда жас әншілердің өнеріне «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Айбар Хайырханов, халықаралық байқаулардың жүлдегері Асхат Нығметов, аудандық мәдениет үйінің іс-шара ұйымдастырушысы Өтеген Шоқпанов қазылық етіп, өз бағаларын берді.
Қазылар алқасының шешімімен Әли Мирасұлы «Жалмұхан Айтмұханов» атындағы арнайы жүлдеге, Адия Беғали «Казталов дауысы», Айару Ерболат «Көрермен көзайымы», Нұрлан Бекет «Қоңыр дауыс», Айсезім Тілегенқызы және Саяжан Тарғын «Сахна сәні», Сезім Айтжан «Дала дауысы» аталымдарына ие болды.
Ал Әмір Хамидолла, Ақзер Нұрлан, Айкөркем Нұрболатқызы және Жанерке Сахметова байқау дипломанттары атанды.
Өнерімен көпшілікті тамсандырған Райымбек Аткеев, Тасқали Бекарыс, Гаухар Бейбіт жүлделі ІІІ орынға ие болса, Айару Болат және Дильнара Қитарова жүлделі ІІ орынды иеленсе, Ералы Абдулов жүлделі І орыннан көрінді. Байқаудың бас жүлдесі Айару Мұсабектің қанжығасына байланып, жас әнші жобаның облыстық фестиваліне жолдама алды.
Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов балалардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тілеп, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізген аудандық мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер Дулат Рахматуллин мен Абылайхан Шакуовке, жеке кәсіпкерлер Батырхан Шәріпқалиев, Олжас Ғаббасов, Айбынбек Абитов, Махамбет Бермағамбетов, Айсұлтан Сағынғалиев, Орынбек Бахтияров, Светлана Ғұбашева, Айгүл Айтқұлова мен Қанат Шайхоллаға ризашылығын білдірді.
Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы ақпарат бөлімінің және аталған жоба жетекшісі Олжас Сейтімов жобаның ауыл балалары үшін маңызы зор екендігін атап өтті.
-Қосөзен елі - Хадиша Бөкеева анамыз, қазақтың Хатимолласы сынды өнер дүлдүлдерінің кіндік қаны тамған киелі мекен. Осы қасиетті өнер топырағында ауыл балаларының талантын шыңдап, болашағына жол ашатын «Талантты ауыл баласы» атты облыстық мегажобаның ауылішілік кезеңін ұйымдастырдық. Байқау өте жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Жоба Ақжайық ауданында бастау алып, Казталов ауданы әкімдігі және Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының, С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының қолдауымен, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Казталов ауылында өтті. Бұл аудан жұртшылығының балалардың өнеріне, жалпы өнерге деген жанашырлығын айқындайды. Жоба облысымыздың барлық аудандарын қамтиды, - деді жоба жетекшісі.
Байқауға қатысушылар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталып, Айбар Хайрхановпен бірге «Атамекен» әнін қосыла шырқады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz