2.03.2020, 17:47
Оқылды: 29

Талантты шәкірттерімен танылған ұстаз

     Сырым аудандық балалар саз мектебінде домбыра пәнінен дәріс беретін Айгүл Сапаралиева 22 жылдан бері  үздіксіз еңбек етіп келеді.  Ол еңбекқор, талапшыл ұстаз ғана емес, қолы ашық, жанашыр, жоғары адамгершілік қасиетке ие, сыйлы әріптес. Бүгінде оның шәкірттері республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр.

syrym (5)

Айгүл Ғаниқызы Жымпиты орта мектебін тәмамдап, кейін Орал мемлекеттік музыка училищесінің домбыра бөлімін бітірді. 1985 жылы Жымпиты балалар музыка мектебінде домбыра  пәнінен сабақ берсе, кейін   Қызылағаш мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып ауысты.  Тоқсаныншы жылдары  Қызылағаш ауылдық клубында меңгерушілік қызмет те атқарды.

syrym (2)

Ал енді 2002 жылы тамызда аудандық мәдениет үйіне қызметке келіп,  сол жылдан Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте ән сабағынан дәріс бере бастады. 2007 жылдан бері аудандық балалар саз мектебінде домбыра сыныбының жетекшісі. Осы жылдар ішінде Айгүл Ғаниқызынан көптеген шәкірт тәлім алды. Ұстазының жолын қуып, музыка, өнер саласын таңдағандар да бар. Мәселен, А.Утеулина мен Р.Мирманова қазір Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы училищенің музыка факультетінде оқып жатырса, Н.Дүйсенғалиев, Е.Рахимкулова, Д.Шыныбекова Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектепте білім алуда. Тағы бір шәкірті Бекслан Қуанышқалиев  Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Назқоңыр» ұлттық аспаптар  оркестрінде домбырашы.

Өнерлі ұстаз Айгүл Ғаниқызының еңбегі де елеулі. Алматы қаласында өткен «Ұлы дала ұрпағымыз» атты республикалық байқауда және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Өнеге» интеллектуалды білім порталында алғысхаттармен марапатталды. Шәкірттерінің жетістігі өз алдына бір төбе.  Нақтырақ айтсақ, 2018 жылы  Орал қаласында өткен І халықаралық Назиб Жиганов атындағы балалар мен жасөпірімдерге арналған музыкалық байқауда қос шәкірті  Ә.Құмарғали мен  Д.Жолдығали лауреат атанып,  Татарстанның Қазан қаласындағы байқауға жолдама алғаны көпке мәлім. Өнерлі өрендер онда да топ жарып, Мәскеу қаласында өнер көрсеткен-ді. «Өнерлігі  – өріс кең» деген осы шығар, сірә?!

Әсел Бисенғалиева,

Сырым аудандық балалар саз мектебінің оқытушысы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале