Қаратөбенің орталық алаңында жүздері жарқын, көңіл көкжиектері аспанмен астасқан мектеп бітіруші түлектерге арналған «Талап, еңбек, терең ой...» атты үздіктер шеруі өтті. Шеруде мектеп даңқын асырып, биік белестерді бағындырған түрлі байқау, олимпиадаларда топ жарған, интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздары мен озат оқушылар марапатталды.
Салтанатты шара мектеп абыройын аудан, облыс, республика, қала берді, халықаралық деңгейде асқақтасып жүрген білімді де дарынды, өнерлі де талантты шәкірттерді мақтан ете отырып, марапаттау мақсатында оздырылды.
Сапалы білім алудың маңыздылығын ұғынатын, білімге ұмтылатын оқушылар қатысқантшарада аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов, аудан әкімінің орынбасыры Жасұлан Сұлтан, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев республикалық, облыстық байқауларда, олимпиадаларда топ жарған үздік оқушыларды арнайы марапаттады.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы:
– Бүгінгі шарада мектеп түлектерінің әрқайсының жетістігіне куә болып отырмыз. Ендігі міндеттеріңіз – өздеріңізді дамытып, келешек өмірге дұрыс қадам жасап, ел үшін адал қызмет ету. Ең бастысы, балаларымыз ұстаздар мен ата-аналарының үмітін ақтап, биік белестерді бағындырсын. Үлкен өмірге аттағалы отырған жас түлектер қанаттарың талмасын. Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітіруіңе тілектеспін. Таңдаған саланың майталманы, кәсіпқойы болыңыздар! Сәт сапар, Сіздерге, Жас түлек!, - деді.
Білім сал сындағы тың өзгерістердің нәтижесі ауданымызда да көрініс табуда. Оған дәлел, аудан оқушылары түрлі білім бәсекесіне бақ сынап, жетістіктерге жетіп келеді. Республикалық бәйгелерде 15 оқушы, облыстық байқаулар мен олимпиадаларда 131 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді.
Биылғы оқу жылында 162 оқушы мектепті тәмамдады. Олардың 9-ы «Алтын белгіге», 14-і «Үздік аттестат» иегерлері атынып, үздіктер шеруінде аудан әкімінің алғысына бөленді.
«Адамның адалдығы жақсы ұстаздан болады» деген ұлы Абай. Баланың болашағы, олардың өмірлік жолы ұстаздарға байланысты. Білгенін басқаға үйретіп, жақсылыққа жақын болуға шақырып, адамның жүрегіне нұр беретін – ол ұстаз. Салтанатты шарада өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрған түлектерді тәрбиелеген аяулы ұстаздар қауымы да аудан әкімінің алғысхатымен марапатталып, кәсіподақ ұйымының атынан сый-сияпатқа ие болды.
Мерекелік шарада ата-аналар атынан зейнеткер Мағзом Есендосов, «Алтын белгі» иегері Мерует Абаева сөз алып, жас түлектер мен ұзтаздарға ақжарма тілектерін айтып, мектеп бітірушілерге сәт сапар тіледі.
Болашаққа жолдама алған жастардың қуанышы мен жүрек лүпілі, сәтті сапар тілеген жанашыр қауымның толқынысы кернеген алаңдағы салтанатты шарада әсем әуендер шырқалып, мектеп бітіруші түлектердің вальсімен жалғасты.
Райымбек Абай,
Қаратөбе ауданы