Бөкей ордасы аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің облыстық кезеңіне аудандық іріктеу турнирі өтті.
Қазақ күресінің мәртебесін асқақтататын айтулы шара аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен ашылды.
- Баршаңызды спорттық аламанның басталуымен құттықтап, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі болған қазақ күресін насихаттауда жетістіктер тілеймін. Халқымыз аман, еліміз тыныш болып, өлкеміз «Қазақстан барыстарының» мекені болып танылсын. Елдігіміз бен мемлекеттілігімізді әлемге танытатын барыстарымыз көп болсын, - деп тілегінді білдірді.
Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және ардагер спортшы Тілеген Арыстанбеков те қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш байрақты бәсекеге ауылдық сайыстарда топ жарған Сайқын, Хан Ордасы, Бисен, Мұратсай және Ұялы ауылдық округтерінің балуандары қатысып, бақтары мен баптарын сынады.
Жалпы сайыс өгіз (60-90 кг) және түйе (90+ кг) балуандар категориясында өтті.
Алты балуан өгіз балуан категориясында бақ сынаса, үш ауылдасымыз түйе балуан санатында білек күштерін сынға салды.
Өгіз балуандары категориясы бойынша сайыс айналым түрде өтіп, Болатбек Нұрашев, Миржан Қабдолқақов және Эльдар Сатқанов есімді азаматтар бірдей ұпай жинап төрешілердің шешім қабылдауына біраз қиындық тудырды. Тіпті әр жеке кездесулерінде бірдей әдіспен жеңіске жеткен балуандардың бәсекесін жеңіске жеткен уақыты арқылы анықтауға тура келді.
Қорытындысында өгіз балуандар санаты бойынша «Бөкей орда барысы» атағына Болатбек Нұрашев ие болса, ІІ және ІІІ орынды Миржан Қабдолқақов пен Эльдар Сатқанов өзара бөлісті.
Ал түйе балуан санатында барлық кездесуін таза жеңіспен аяқтаған Талап Құзырғалиев «Бөкей орда барысы» атанса, күміс жүлдеге Алтынбек Әліпқалиев ие болды. Ал жүлделі үшінші орынға Нұралы Әбділкаримов табан тіреді.
Сонымен қатар, аталмыш сайыстың облыстық кезеңі мамыр айында біздің ауданымызда өтетін болады.
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы