Ұрпақ – өмір жалғасы. Бұл халқымыздың өмірлік қағидасы, ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтарының негізі. Өмірге келіп, өзіңді қалыптастырғаннан кейінгі бір парыз – ұрпақ жалғастыру болса, қалдырған мұраңды сенің ізіңмен өрбіту ізбасарларыңа міндет. Сол себепті бабаларымыз «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» - деп асқақ арманмен тұяқ жалғастырып келе жатқан перзенттеріне үлкен үміт артқан. Осынау әңгімемізге өзек болып отырған бүгінгі мақаламыз жас та болса әке ізін абыроймен жалғастырып келе жатқан Казталов аудандық мәслихатының депутаты, Қараоба ауылдық округіне қарасты «Ер-Қанат» шаруа қожалығының жетекшісі Қуаныш Мерекеұлы Ермеков жайында болмақ.
Марқұм әкесі Мереке Ермекұлы да өзінің саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын көтеруге арнаған ел ардақтысы, ауыл әкімі болған арда азамат еді. Бүгінде әке кәсібін жалғастырып, жас та болса жасқанбай қолына саясаттың тізгінін алуы – әке аманатын жерге қалдырмауы, атакәсіпке көлеңке түсірмеуі деп білеміз. Осы орайда өзге жастарға үлгі боларлық Қуаныш Мерекеұлы туралы мақала жазуды жөн көрдік.
Қуаныш Ермеков 1992 жылы 28 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қараоба ауылында дүниеге келген. Жастайынан оқуға деген ынта-жігері ерекше, білімге құмар өскен кейіпкеріміз 2010 жылы туған ауылындағы Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясын «Алтын белгі» белгісімен бітіреді. Мемлекеттік оқу грантының иегері атанған ол, 2010-2015 жылдары елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің күндізгі оқу бөлімінде оқып, «Юриспруденция» және «Экономист» мамандықтарында бакалавр дәрежесі бойынша білім алған.
«Жас келсе – іске» дегеніндей, бүгінгі күні кейіпкеріміз тәуелсіз мемлекетіміздің өркениетті дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтардың қатарында. Ерте бастан оқуды еңбекпен ұштастырган Қуаныш Мерекеұлы алғашқы еңбек жолын 2012 жылы өзі жетекшілік жасаған «Элит-Сервис» жеке кәсіпкерлігінде бастады. Ал 2018 жылдан бастап осы кезге дейін «Ер-Қанат» шаруа қожалығының басшысы болып жұмыс жасап келеді.
«Ат тұяғын тай басар» деген қазақтың аталы сөзі бекер айтылмаса керек. Әділ басшы әрі өз ісінің шебері болған әкесі іргетасын қалаған шаруашылықтың алға өрбуі үшін Қуаныш Мерекеұлы оның кәсібін жалғастырып, әке аманатына адалдығын дәлелдеп келеді. Атап айтқанда, газеттің үстіміздегі жылдың 30 наурыздағы №13 санында жарияланған «Әке аманаты – ұлға парыз» атты мақалада кейіпкеріміздің шаруашылықта 10 жылдан астам жылқышы болып істейтін, көпбалалы отбасы Серікқали Төлешовті «тұрғын үймен қамтимын» деген әке уәдесін жерге тастамай, аталған отбасыға тұрмыстық мүлік-жиhаздарымен 4 млн теңгеге бағаланған жайластырылған тұрғын үйді сыйға тартқаны туралы жазған болатынбыз.
Сонымен қатар ол тек кәсібін ғана емес, «Nur Otan» партиясының мүшесі, халық қалаулысы ретінде саяси-қоғамдық және депутаттық міндеттерін де абыроймен атқаруда. Қызмет барысында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, табысы аз, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын тұрады. Бүгінде Қараоба ауылында халық игілігі үшін өз есебінен 1 млн теңге қаражатқа тұрғындардың ұсақ малдарына арналған тоғыту алаңын салуды қолға алып отыр. Бұл жұмысқа ауылдың жұмыссыз жүрген 5-6 азаматы тартылған. Ауылды абаттандыру мақсатында ауыл іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағын тазалауға шаруашылықтың техникасын жұмылдырып, 350X300 метр аумаққа қоршау жасауды міндетіне алып жұмыстануда. Көршілес Маңғыстау облысындағы биылғы қуаңшылық жағдайға байланысты мал азығымен көмектесу мақсатында аудандағы әріптестеріне үндеу тастап, өз есебінен көмек қорына 200,0 мың теңге қаражат аударды. Халықтың әл-ауқатына алаңдайтын кейіпкеріміз әкесі секілді игі істердің басы-қасынан табылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларға әрдайым қолдау көрсетуден тыс қалмайды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, ауылдасы, мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты ана Алтын Хайрединованың тұрғын үйін жөңдеуден өткізіп, табиғи газ желісіне қосып беруге ниеттенуде.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!» - деп Мағжан ақын жырлағандай, ел келешегіне елеңдеп қарайтын Қуаныш Мерекеұлындай айбынды жастар мәңгілік еліміздің бетке ұстарлары. Сондай-ақ өз саласында елдің экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан айбынды ізбасар.
Шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосқан жеке үлесі және пандемия кезінде ел-жұртқа көмек-қолдау көрсетуді ұтымды ұйымдастырғаны үшін Қуаныш Мерекеұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың және Орал қаласының әкімі А.Шыныбековтің алғысхаттарымен марапатталған. Асқар таудай әкесінің ізін жалғастырып, алдынан кезіккен қиындықтарға төтеп беріп, көзі ашық, көкірегі ояу, саналы ұрпақ болып қалыптаса білген Қуаныш Мерекеұлына біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз! Осы тұста
«Ұрпағың іске асырып армандарын,
арманның ерттеп мінді тарландарын,
үлгі етіп ел-жұртқа қуанамыз,
әке ісінің үзілмей жалғанғанын» - деген бір шумақ өлең де оған арнап жазылғандай болады.
Халық қалаулысы, жас кәсіпкер, ел жанашыры Қуаныш Ермековке елі үшін атқарған игі істерінің өз жалғасын тауып, өзгеге үлгі болып, әке арманын асқақтата беріңіз дейміз.
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz