26.12.2025, 13:00
Оқылды: 81

Талаптың мініп тұлпарын...

Газетке жазылу науқаны кезінде, ауыл - аймақты аралап, оқырмандармен кездесу барысында, біз табан тіреген мектептің мұғалімдері, «Баға үшін емес, сапалы әрі жан-жақты білім алу үшін, қоғамға пайдалы азамат болуды ойлайтын, ұстаз еңбегін еш кетірмей, ата-ана сенімін қалайда ақтаймын дейтін арманы асқақ, мақсаты айқын, талабы таудай шәкірттеріміз де жетерлік, газет бетіне шығарып, өзге де оқушыларға үлгі еткіміз келеді» деген болатын. Сондай жас өркеннің бірі, жарқын болашаққа бастайтын мақсаты бар, өнер мен білімде, спортта да биік белестерден көрініп жүрген Бумакөл мектеп-балабақша кешенінің 10 сынып оқушысы -  Сабина Камашева.

Сабина (2)

Қашанда білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену үрдісі де толастамайтыны анық. Бүгінде мектептің мақтанышына айналған Сабина Рустамбекқызы табиғатынан талантты, білім мен спортты қатар алып жүрген өнерлі оқушы. Сабинаның бойындағы өнерді, қабілетті байқаған ұстаздары да шығармашылығын одан әрі шыңдау үшін түрлі білім додалары мен спорттық жарыстарға қатысуына қолдау көрсетеді.

Оқушы жетістігі- мектеп мақтанышы

- Біздің Сабина аудандық, облыстық, қала берді республикалық білім,спорт додаларында топ жарып жүр. Биязы, мінезі ақкөңіл, жайдары. Білімге, өнерге деген деген талабы таудай, жаңа нәрсені үйренуге құмар, ізденімпаз. Жасы үлкен адамдарды сыйлап тұрады. Берген тапсырманы тиянақтап орындап, айтқанды екі еткізбейді. Сыныптағы оқушылардың барлығымен қарым-қатынасы жақсы. Мектеп өміріне белсенді араласады. Спорт пен бірге білімді қатар алып жүр. Аудандық жалпы пәндер олимпиадасында «Орыс тілі», «Химия», «Биология» пәндерінен жетістіктерге жетіп жүлделі орындарға ие болып ,облысқа жолдама алды. Сабина мектептен тыс уақытында спорт үйірмелеріне қатысады. «Үстел теннис» үйірмесіне белсене қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Әке жолын қуып келе жатырған Сабина спорттың бұл түрінен кайтарлықтай жетістіктері бар. Сабинадан күтеріміз мол. Алда да жаңа жетістіктерге жетіп ата-анасының,мектебіміздің,еліміздің мақтанышы болатынына сенімдімін,-дейді сынып жетекшісі Гүлбаршын Құсмағанбетова.

Сабина (4)

«Әке жолын қуып келе жатырған» деп сынып жетекшісі айтып өткендей, Сабинаның әкесі сол Бумакөл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

«Өз болашағымнан жарқын, үмітке толы бақытты сәттерді көремін...»

- Менің жасым қазір 15- те. 10 - сыныпта оқимын. Өз мектебімде мектеп президентімін. Мектеп өміріне белсене қатысып, түрлі іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстардан қалыс қалаймын, қалғым да келмейді. Себебі маған өзімен өзі тым-тырыс болып жүрген ұнамайды. Өзіме ұнайтын «Орыс тілі», «Химия», «Биология» пәндерінен олимпиада жүлдегерімін. Бірақ мен спортқа көбірек көңіл бөлемін. Мені әкем Рустамбек 5жасымнан үстел теннисіне үйреткен болатын. Солай менің тенниске деген қызығушылығым басталды.

Сабина (1)

Алғаш жарысқа Ақсай қаласында қатысқан болатын, сол жерде 1орын алып обласқа жолдама алдым. Областа да  өзімді көрсетіп, облыс тренерлерінің оң бағалауына іліктім. Осылайша менің тенниске деген жаңа қадамым басталды. Алғаш 2018жылы  Алматы қаласында өткен ҚР-ның чемпионатына бардым. Кейін 2020 жылы тағы да Алматыға чемпионатқа барып, 2 орын жулдегері болдым. Одан кейін Ақтөбе қаласында болған республикалық турнирде жекелей ойында 1орын, 2023 жылы тағы да Ақтөбе қаласыда өткен  " Қазақстан тарландары” атты республикалық турнирінде жекелей ойында 1орын, жұптық ойында 1орынды иемдендім. Олардан бөлек тағы басқа теннистен жарыстарда  жүлдегер болдым. Мен жеткен жетістіктер ұстаздарымның еңбегі, ата-анамның қолдауы мен менің шығармашылыққа деген ынта-ықыласымның нәтижесі деп білемін.

Сабина (5)

Ал мен жай армандаушы ғана емес, сол арманымды орындайтын және болашақтағы мамандығымды қателеспей тандайтыныма толығымен сенемін. Бұнымен тоқтап қалмақ емеспін, бағындырар белесім әлі алда, – деген Сабинадан, елдің дамуына үлес қоса алатын, бәсекеге қабілетті жас, елді өркениетке бастайтын білімді, жан-жақты тұлға болып қалыптасып келе жатқандығын аңғардық.

Сабина (6)

- Мен өзіме сенемін және алға қойған мақсаттарыма жететініме сенімдімін. Мен өте арманшыл адаммын. Иә, өмір жолымда қиындықтар кездесуі мүмкін, бірақ олар мені шыңдап, күш береді. Мен үнемі дамып, жаңа білім алуға және өзгерістерден қорықпауға тырысамын. Өз мамандығымды мұғалімдік саласында көремін.Болашақта жанымда мені қолдайтын, түсінетін адамдар болады. Мен бақытты, үйлесімді және сенімді өмір сүруді қалаймын, - деді тағы да сөзін жалғаған Сабина.

 Сәнім Меңдібай, 

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале