Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Талдыбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Округ қазір үлкен қоғамдық - саяси оқиғаның алдында тұр. Себебі, 22 ақпан күні ауыл жаңа әкімін сайлайды.
Әкімдікке үміткер азаматтың бірі Азамат Абдрашев қазір әкімнің міндетін уақытша атқарып жүр.
Жиналыста Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев елдегі еңбек тынысы, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету бойынша хабарлама жасады.
Азамат Жамбылұлы есептік баяндамасы аясында өзінің ауыл өміріне қатысты жоспарларымен де бөлісті.
Айтуынша, тұрғындардың өзін-өзі қамтудың бірден-бір жолы - кәсіпкерлік. Ал Талдыбұлақ ауылдық округінде сауда орындарынан басқа кәсіпкерлік нысандары дамымай отыр.
Азамат Абдрашев округте спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ екендігіне алаңдаулы. Себеп - бейімді ғимараттың болмауы. Осы орайда ол ауылдағы жазғы спорт алаңының қасында орналасқан бұрынға дүкен ғимаратын спорт залға бейімдеуге болады деп санайды. Ауыл балалары үшін жаттығу залы әрі үстел теннисі, күрес, ауыр атлетика, гир спорты, қол күресі секілді үйірмелеріне ыңғайлап, жөндеу жасасақ дейді. Мәселеге қаражатқа келіп тіреліп тұр.

Талдыбұлаққа түлеу керек - ақ. Мектептің кіреберіс бөлмесін жөндеп, ауласын жаңарту қажет. Округ әкімі аппараты ғимараты мен медициналық нысан да жаңартуды күтіп тұр. Ауылдың келбетін түзеп, жаңа баспаналар салынса деген де үміт бар.
Мәселелерді жиналысқа қатысқан Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов пен Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева да тыңдады.

Ауылдың әкімі болып кім сайлана қалса да, жергілікті билік жаңа әкімге жоғарыдағы шаруаларды ыңғайлауға жәрдем береді деген сеніп отырмыз.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы