15.09.2021, 9:39
Оқылды: 48

Талдыбұлаққа қоныстанушылар көп

Әкім болуды галстук тағып, креслоға жайғасу деп ұғынбайтын, ауылдың болашағы үшін жанын салып жүрген әкімнің бірі Сырым ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Даниял Танзенов деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.2

Ауылды, мектепті сақтап қалу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әкім бастап, талдыбұлақтықтар көпбалалы отбасыларды ауылға көшіріп әкелуде.

Тамыз айының соңында Ақжайық ауданынан бес балалы отбасы келсе, күні кеше төрт баласы бар тағы бір шаңырақ талдыбұлақтық атанды.

Қоныс аударушылар табиғи газ, таза ауыз су кіргізілген тұрғын үймен, ересектер жағы жұмыспен қамтылуда. Қос үйде барлығы 9 бала болса, олардың жетеуі мектеп жасында, біреуі балабақша жасында, біреуі 1 жаста. Бірінші көшіріп әкелінген отбасының әжесі де, анасы да тұрақты жұмысқа алынды.

Екінші көшіп келген үйдің отағасы 1 қазаннан бастап электриктің көмекшісі  ретінде жұмысқа қабылданады.

Бүгінде Талдыбұлақ орта мектебінде 83 оқушы білім алуда. Орта мектептің жабылып, негізгі мектепке айналу қаупі сейілді. Орта мектеп – ауылдың тірегі. Себебі, ол жабылса, балалар басқа мектепке кетеді, баласын оқытып-ағартам деген ата-ана ауылдан көшеді. Жұмыс орындары қысқарады. Ауыл азды деген осы болар еді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алған ауылбасыларына халық та риза.

– Жаңадан қоныс тепкен көп балалы отбасылар Талдыбұлақты іргесі сөгілмеген күйде ұстап тұруға сеп. Оларды көшіріп әкелуге бүкіл ауыл қол ұшын созды. Отбасыларды көшіріп әкелу, ауылдағы бос қалған үйлерді жанға толтыру жоспарда бар, әлі де жалғасады. Бірі көлігін берсе, бірі бос тұрған үйін ұсынды. Талдыбұлақтық ағайын сүйекке сіңген қонақжайлық көрсетуде, - дейді ауыл әкімі Даниял Жұпмағамбетұлы.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале