22.01.2021, 12:57
Оқылды: 10

Талдыбұлақтықтардың тірлігі тиянақты

Осыдан бес жыл шамасында ауыл малын тұқымдық тұрғыда түрлендіріп, асыл тұқымды мал басын көбейту үшін ауылдарда жаппай ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылған еді. Жаппай құрылса да, іс біркелкі жүрген жоқ. Кооперативке ұжымдасудың игілігін тек санаулы ауылдар ғана көруде. Мәселен, Сырым ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылдық округінде бүгінгі күні бақандай 3 ауылдық тұтыну кооперативі жұмыс жасайды.

 IMG_0749

Мал шаруашылығына ширақ талдыбұлақтықтар жер игеріп, егін салуға да ерінбей тұр. Округ бойынша былтырғы жылы далалық жұмыстарға 10 шаруашылық қатысып, 1650 га дәнді дақыл, 1572 га майлы дақыл, 598 га мал азықтық дақыл егілді. Орташа өнімділік гектарына 4 центнерді құрады. Қуаңшылық жағдайында осы көрсеткішке көңіл толтыру ләзім. Талдыбұлақтық шаруалардың далалық еңбек дәстүрін жоғалтпай отырғанының өзі неге тұрады?

Ел алдында есеп берген Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Даниял Танзеновтың айтуынша, мал шаруашылығына қажетті екпелі бір жылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдар алқабының көлемі болашақта ұлғаймақ. Соған қарағанда егін саласы енді кейін кетпейтін секілді.

Даниял Танзеновтың баяндамасында ауыл шаруашылығынан бөлек, округтің мәдениеті мен спорты, денсаулық сақтау, білім беру, абаттандыру сияқты салалары да қамтылды. Жас әкім жасалған жұмыстан гөрі, алда тұрған міндеттеріне көбірек тоқталды.

IMG_0741

- Ауылдағы саябақ пен балалар ойын алаңын қайта жаңарту, ауыл мектебіндегі кадр жетіспеушілігін жою, жас мамандар тарту, автобус аялдамасын қайта салу сияқты мәселелер бар. Бұдан бөлек, тұрғындар көтерген әр ұсыныс-пікір бойынша қолдан келген қызмет қыламыз. Ол үшін бізден іскерлік, ал тұрғындардан қолдау керек, - деді Танзенов мырза.

Жиналыста талдыбұлақтық ағайынның жаңа әкім Даниял Танзеновтен көп үміт күтетінін байқадық. Баяндамасын сылдыр статистикамен емес, қазақы құнарлы сөзбен жасаған мемлекеттік қызметкерге біз де сүйсіндік. Жаңа лауазымды иеленгені жарты жыл ғана болған жас әкім үшін былтырғы жыл – барлау, зерттеу жылы болды деп ойлаймыз. Биыл іскерлігін танытарына елмен бірге, біз де сеніп отырмыз.

Әкіммен кездесуде тұрғындар жолды күтіп ұстайтын техниканың қауқарсыздығын, байланыс сапасының нашарлығын айтты. Халық көтерген көлемді мәселенің бірі – жайылым. Тұрғындардың айтуынша, ауыл малы жайылатын жайылымды қожалықтардың малы «жаулап алған».

Жиналысқа қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев округ әкіміне жайылымды пайдаланудың халықтық әдісін қолдануды әрі заңды тәртібін сақтауды тапсырды.

IMG_0744

- Жайылым елді мекеннен 4-5 шақырым қашықтықта болуы керек. Оны ауылдың түлігі пайдалануы керек. Қожалықтың өзіне тиесілі аумағы бар. Округтің шекаралық картасы бар, жайылым туралы заң бар. Біздер бар заңды қолдана алмай, өз пайдамызға жұмыс жасата алмай отырмыз.

Қазақ жер пайдалануды шебер меңгерген халық. Жаз жайлауда, қыс қыстауда отырған. Осылай жайылымның күйін сақтаған. Абайдың «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» - дегені – нағыз жайылым пайдалану технологиясы емес пе? Қазір осы халықтық әдіс жоғалды. Шабындыққа мал жайып жүрміз. Ол жерден алынған азық қайдан құнарлы болсын? - деді аудан әкімі.

Талдыбұлақтағы есептік кездесуге аудан әкімінен бөлек, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале