20.01.2021, 17:35
Оқылды: 35

Тамыр тартқан тектілік

Балалық шақтың естеліктері қандай керемет десеңізші?! Өмір керуені тоқтаусыз болашақ деп аталар беймәлім әлемге бағыт бұрып, өткен сәттердің көмескіленетіні шындық. Биылғы жолсапарым Тасқала ауданына қарасты Шежін ауылынан бастау алды. Ұлы Отан соғысының ардагері болған марқұм Әбубакар ата Назаровтың шаңырағына ат басын бұрарда «өткеннің тінін тарқатар адам бар ма екен?» деген ойдың қылаң бергені де рас. Бірақ дәл мен ойлағандай емес екеніне әңгіме барысында-ақ көз жетті.

фото (1) (11)

Киелі Бөкей ордасы өңірінде қоныс тепкен кезімізде көрші боп сыйласып, жақын араласып кеткен Серік аға мен Сәуле апа Жабасовтардың ата-аналарының үйі екен. Нақтырақ айтсақ, Сәуле апа осы үйдегі сегіз ұл-қыздың бірі. Анамды – апам, әкемді – ағам деп іштарта сыйласқан осы бір аяулы жандар туысымыздай боп кеткені есімде. Серік аға Жабасов – Хан ордасы ауылындағы (Бөкей ордасы ауданы) елге сыйлы әулеттің бір тұяғы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етті. Бүгінде құрметті еңбек демалысында. Сәуле апа сол шаңырақтың келіні.

Қазір Бакар ата әулетінің қара шаңырағында ортаншы ұлы Амангелді аға ұл-келінімен тұрып жатқан көрінеді. Отанасы мәңгілік мекеннен тұрақ тапқан. Екі пәтерлі баспана сыртына ата-аналарының портреттері ілінген. Сонадайдан қастерлі көрінетін жылы ұя. Сегіз ұл-қыз өсіріп, өндірген ата-ананың бұл үйде тірлік кешкендігін айғақтайтын белгі бұл. Ұрпақтары үшін тарихқа тұнған құтты мекен. Жып-жылы, сағынышқа толы шаңырақ. Әбубакар ақсақалды ауылдастары Бакар атап кеткен екен. Әулет тамыры осы Тасқала ауданында жалғасқанымен, өзі Ақжайық ауданының тумасы саналады. Нақтырақ айтар болсақ, Саға деген ауылда жарық дүние есігін ашыпты. Сол заманның балалары сынды атаның да балалық шағы оңай болмағаны анық. Елдегі жүдеу тірлік ерте есейткені белгілі. Бозбала шағынан үлкендермен бірдей еңбек етеді. Аштықтың да, соғыс зардабын да бір кісідей басынан өткереді. Жаманнан жиреніп, жақсыға сүйсініп өседі.

фото (2) (9)

1943 жылы Ұлы Отан соғысына көппен бірге аттанған он сегіз жасар бозбала кескілескен соғысты көрді. Қан майданда жантәсілім еткен қаншама боздақтар жат жерде топырақ жастанды десеңізші?!.. «Жалғыздың жары Құдай» демекші, әкесі Назарғалидан төрт ұл, төрт қыз өмірге келгенімен, олар жастай шетінеп, тек қана Бакар атаның өмір сүруін Жаратқан ие құп көрген сияқты. Соғысқа әкесі де аттанғанымен, өлі-тірісін білдірген еш хабар келмеген. Қанша сабылып іздестірсе де, бір дерек табылмаған. Бірақ анасының ақ тілеуімен өзі қан майданнан аман-сау оралады. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп, соғыстағы ұлдарын күткен аналардың бірі еді ол. Шерхан Мұртазаның «41-жылғы келіншек» романында «Әгай-ай, гамай-ай, когда солдат дамойай», - деп жалғызын күтіп, есі кіресілі-шығасылы халде әндетіп отыратын Кенжегүл кемпірдің бейнесі есіңізде болар? Қан майданнан қара қағаз келсе де, үміттерін үзбей шерменде боп өмірден өткен аналар рухына бір тағзым етейікші. Дәлдаш ананың жалғыз тұяғының кескілескен ұрыстан аман-сау оралуы үлкен бақыт еді. Кейіпкеріміз ІІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.

Сәуле Бакарқызы отбасындағы төртінші бала. Ол: «Әкем өте зиялы адам еді. Дауыс көтеріп сөйлемесе де, мысы басып тұратын. Айтайын дегенін анамыз арқылы жеткізетін. Талғаммен киінетін, өте ұқыпты жан-тұғын. Кезінде санаторияларға жиі барып, емделетін. Сапарларынан әдейі балаларына деп таңдап, әдемі сыйлық сатып әкелетін. Мәскеу, Ташкент т.б. қалаларда демалып қайтқаны есімде. Ол кезде заман тыныш еді ғой. Адам қалаған жеріне еш кедергісіз бара беретін. Мектеп бітірген жылы әкем мені ресторанға

апарды. Қоғамдық орында өзіңді қалай мәдениетті ұстау керегін айтып, екеуміз бірге тамақтанған едік. Өте сабырлы жан болатын. Біреуді сыртынан ғайбаттағанын көрмеппін. Анам да сондай ибалы, ұяң мінезді адам еді. Әкемнің не айтайын деп тұрғанын қас-қабағынан аңғарып қоятын. Отбасындағы бес қыз, үш ұлға қатаң мінез көрсетпегенімен, біз әкемізден именіп тұрушы едік. Кенже қыз Дариғаны ғана еркелететін. Оның дәрігер болуын қалады», - деп сол бір қимас кездерге оралды. Әттең, сол ғаламат шақтың тірлік сахнасынан сырылып қалатыны өкінішті. Бірақ жүректен, санадан өшіру мүмкін бе?!

Бакар атаның оны-мұны салып қоятын шағын ғана қобдишасы болыпты. Есігі үнемі құлыптаулы тұрған.

– Одан керек дүниенің бәрін табуға болатын еді, - деп еске алады Сәуле апай.

– Ұқыптылығы сондай, әлгі қобдишаның кілтін тек немересіне ғана беретін. Анамның дастарханы берекелі, тамақты шебер дайындайтын. Әлі есімде, үйде күміс қасық, шанышқы болды. Форфор ыдыстарды жарқыратып шығарып, дастарханды жайнатып жіберуші еді. Ол кезде ыдыстарды ата-анамыз Мәскеуден алып келетін. Үйде Германия мен Чехияда жасалған жиһаздар болушы еді. Өткен күннің бәрі керемет естелік екен ғой.

Бакар ата мен Қанипа әженің бірінен бірі өткен әдемі қыздары бүгінде қадірлі жар, аяулы ана, сүйікті әже. Бір сөзбен айтқанда, әулеттің алтын діңгегі. Бала кездерінде әжелері (әкесінің анасы) бірге тірлік кешкен. Дәлдаш әже қайратты, ақылды, ауыл-аймаққа сыйлы жан болыпты. Жалғызының бар қызығын көріп, 1970 жылдары өмірден өткен деседі. Бала тәрбиесімен ғана айналыспай, үйдің берекелі қазынасы боп отырған екен, жарықтық.

Бакар ата «соғысқа қатыстым» деп астамсығандардың санатынан емес еді. Тіпті зұлматты жылдар жайлы әңгіме айтуға да құлықты болмаған. Белгілі журналист Темір Құсайынның әкесі Нағым ағай өзінің «Өмір өрнектері» атты кітабында «Кісілік келбет» атты шығармасын кейіпкерімізге арнапты. «Ол фәниден бақиға аттанғанға дейінгі жетпіс жыл ғұмырында соғысқа қатысқанын, ерлік көрсеткенін, Берлинді алуға қатысқанын, бірнеше жауынгерлік ордендер, медальдарға ие болғанын ешкімнің бетіне салық қылмай өтті» деп жазған екен. Сабырлы, қанағатшыл, өте таза адам екенін ұрпақтары да сағынышпен әңгімелейді. Асыптасып сөйлеп көрмегендіктен де болар, ел-жұрт сыйлап, құрметтейтін. Бухгалтерлік курсты бітірген соң, 1960 жылдардың соңына дейін Камен (Тасқала) ауданына қарасты Киров, Красный Октябрь, Қазақстан, Беленький (Ақтау, Көсем ) ауылдарында есепші, бас есепші болған. 1958 жылы Шежін ауылына ауысып, зейнет демалысына дейін абыройлы қызмет еткен. Бертін келе қызы Сәуле апамен ақылдасып отыратын әдет тапқан. Сірә, осы қызына сенім артқаны шығар...

– Бір құрбым тұрмысқа шығатын боп «тойымда құдаша болшы» деп ұсыныс жасады. Шежінде учетчик боп жұмыс жасап жүрген кезім. Қырманда егін жинау науқанының қызып тұрған уақыты. Кешке құрбымның тойы. Бір санға теңгерім бермей тұр. Әрі-бері есептеп шығара алмадым. Енді қайтпек керек? Сағат тілі тойдың басталуына санаулы уақыт қалғанын айғақтап тұр. Әлгі санды шығара алмай әлек боп отырмын. Сонда әкем жарықтық: «Бір тиынға теңгерім бермесе, бухгалтер, бухгалтер емес», - деді ойлы қалыпта. Байыппен айтылса да, жүрекке дөп тиді. Әке сөзі – оқ. Яғни, бір жерде қате бар деген сөз деп, оны табу керектігін ұғындырған еді. Құрбымның тойы жайына қалып, әкем қалағандай етіп жұмысты тиянақтауға тура келді, - деп еске алады.

– Соғыс жайлы әңгіме тиегі ағытылса, «талай қиындық көрдік, жеңіс оңайлықпен келген жоқ», – деп келте қайыратын дейді қимастықпен еске алған ұлы Аман аға да. Нағашы аталары (аналары Қанипаның әкесі) Құлмәжит Әнесов те Ұлы Отан соғысының ардагері. Екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденін иеленген. Өзге де орден-медальдары аз емес. Бүгінде ол марапаттар Серік аға мен Сәуле апаның шаңырағында құнды дүние боп көздің қарашығындай сақталып келеді.

Бакар ата мен Қанипа әжеден тараған ұрпақ бүгінде әр тарапта аман-сау тірлік кешуде. Тұңғыштары Айғаным апа – Атырау қаласында. Зейнеткер. Мамандығы – мұғалім. Одан тараған ұрпақ алтау. Жолдасы өмірден озған. Жақсы қызметтерде жасаған елге сыйлы азаматтың ұрпақтары да өмірден өз жолдарын тапқан. Аман аға қара шаңырақты ұстап қалған екінші ұл. Өзі өсіп-өнген ұясында еңбектің зейнетін көруде. Үш баласы бар. Света Бакарқызы – Қарағанды қаласында тұрады. Мамандығы – дәрігер. Ол да құрметті зейнет демалысында. Жолдасы ертерек тірлік тінін үзіп алған. Немере сүйіп отырған бақытты әже. Талғат атты ұлының ғұмыр жасы қысқа болған. Өткен жылы мәңгіліктен мекен тапқан. Одан тараған екі ұл Орал қаласында тірлік кешуде. Нұрлан Бакарұлы пединститут түлегі. Аударма ісінде, өзге де қызметтерде өз қолтаңбасы бар. Екі қызғалдақ қыздың әкесі. Сауле апаның мамандығы – бухгалтер. Қазір ол да зейнет демалысында. Екі қыз, бір баласы бар. Құдай қосқан қосағы Серік ағамен немере-жиен сүйіп отыр. Әлия Қарағандыда тұрады. Мамандығы – заңгер. Жолдасы – дәрігер. Бір ұл, бір қыздың анасы. Екі жиенге әже. Әулеттегі кенже қыз Дариға отбасымен Орал қаласында тұрады. Екі ұл, екі қыздың анасы. Жұбайы Лавр Хайретдинов Бөкей Ордасының елге танымал азаматы. Немере-жиен қызығын көріп отырған ел-жұртына қадірлі әулет.

Иә, Серік аға мен Сәуле апа әке-шешемнің көзіндей боп жыпжылы әсер қалдырды. Уақыт жастарына жас қосты демесеңіз, жүздері жарқын. Мейірім тұнған жанарлары да ыстық көрініп кетті. Тіпті алпысты алқымдағандардың келбетінен қанша жасырсаң да көрініп қалатын әжімнің ізі де жоқ. Әдемі қартаю деген осы шығар. Ішкі әлемімде бірдеңе қопарылып түскендей. Қимастық па, әлде сағыныш па екен? Бәлкім соңғы уақытта қанша іздесем де таптырмай жүрген жақсылардың сарқыты ма? «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөздің төркінін түсінгелі қашан?!..

Иә, текті әулеттің тамыр тартқан тағдыр жолдары да ізгілікке бағыт бұрыпты.

"Жақсының аты өлмейді" деген сөздің бар мәні тереңде жатқаны ақиқат.

 

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале