28.08.2025, 15:00
Оқылды: 746

Тамыры терең Бөрлі жері

Биыл Бөрлі ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Бұған дейінгі нөмірлерде ауданның құрылу тарихынан аздаған  мәліметтер берілген болатын.  Онда Бөрлі ауданының өз алдына дербес аудан болуы 1935 жылынан бастау алатыны, Қазақ автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының орталық атқарушы комитеті Президумының 1935 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен Бөрлі ауданы құрылғаны айтылған еді.  Аудан орталығы болып Бөрлі селосы бекітілген. Жаңа ауданның құрамына жалпы ауданы – 3937,4 шаршы метр жерімен, тұрғындар саны – 11 195 адаммен Шыңғырлау ауданының 8 селолық Кеңесі және Теректі ауданының – 7 селолық Кеңесі кірген болатын.  

ауданның табиғаты (2)

Бүгін біз  археолог -ғалым Мұрат Сыдықовтың басшылығымен 2008 жылы шыққан “Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері” кітабының негізінде  ауданымыздың географиялық ерекшеліктері мен табиғатына, аң-құстарына   тоқталмақпыз.

 Ауданның географиялық ерекшеліктері

Бөрлі ауданы Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс аймағына орналасқан. Шығысында Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау, оңтүстігінде Сырым, батысында Теректі аудандарымен, солтүстігінде Ресей Федерациясы Орынбор облысының Елек және Ташлы аудандарымен шектеседі.

Ауданның аумағы 5,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Бөрлі ауданының транспорттық жағдайы аса қолайлы. Аудан орталығы Ақсай қаласынан Орал қаласына дейін – 150, Астанаға – 1830, Алматыға – 2600 шақырым.

Ауданды кесіп өтетін Орал – Ақсай – Соль-Илецк, Ақтөбе  темір жолы мен Орал – Бөрлі – Елек – Орынбор республикалық маңыздағы автожолы экономикалық өзек болып табылады.

Аудан аумағы газ және газ конденсаты мен мұнай кен орындарына бай. Жер бетіндегі ірі мұнай-газ орындарының бірі — Қарашығанақ кен орны А0сай қаласының маңында орналасқан.  Ауданда кірпіш шикізатының 6 кеніші бар (Ақсай қаласынан шығысқа қарай 5 км жерде орналасқан Қазақстан кен орны және Ақсай қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 20 км қашықтықтағы Ақбұлақ кен орны), олардың жалпы қоры 4200 мың текше метрді құрайды. Бұл кен орындарының өнімді қабаттары маркасы 75-100 болатын кірпіш өндіруге жарамды.

ауданның табиғаты (12)

Жоғарғы борға жататын карбонатты жыныстар, мергель мен әктастар кең таралған. Бор жыныстарының кен орындары шпаклевка, замазка, әк, және кіші жауапкершіліктегі құрылыстарға арналған құрылыс тасы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, құм және құм-қиыршық тас қоспасы кен орны бар. Расталған қорлар: құм – 1282 мың м³, құм-қиыршық тас қоспасы – 2787 мың м³. Керамзит шикізаты ретінде қолдануға болатын төмен борлы саз кен орындары да бар, оның болжамды қоры бірнеше миллион текше метрге бағаланады. Сондай-ақ, су көздерін барлау және оның химиялық құрамын зерттеу кезінде емдік және ішуге жарамды қасиеттері бар минералды сулар табылды. Мұндай минералды сулардың ерекшелігі – табиғи ион-сольдік құрамы, мұндағы негізгі иондардың әрқайсысы 20%-дан асады.

Аудан далалық аймақта орналасқан.  Өзендері Каспий теңізі бассейні аумағына кіреді. Ауданды шет жағынан Жайық пен  Елек, орта тұсынан Шыңғырлау өзендері кесіп өтеді, басқа өзендерінің суы аз, жазда құрғайды немесе жеке шалшықтарға бөлінеді, сол өзендерде Ақбұлақ, Ұлысай, Сұлусай, Березка, Қараоба, Қарағанды, Суы0бұлақ бөгеттері салынған. Көлдері – Данилякөл, Бумакөл, Каржиное, Қарасу.

 

Табиғаты

Ауданның өсімдіктер әлемі саналуан. Әсіресе, сояу түбірлі өсімдіктер – қалампыр, гүлкекіре және т.б, тамыр сабақтылар – бурыл бөдене шөп, қызыл бояулар т.б, атпа бұтақ сабақтылар – бөрте жусан көп. Бөктерлер мен жазық далада далалық шөптер: тобылғы, шаңқурай, жапырақты тобылғы, аласа бадамша, бұталы қараған және т.б. бар. Тез тұқым шашатын өсімдіктері (эфемерлер) және көпжылдық (эфемероидтар мен гемиэферондтар) шөптер де өседі.  Астықтұқымдастар: тырсық бетеге, боз бетеге, садақбоз, еркек шөп, шисабақты  (шағын мөлшерде) айта кеткен абзал. Сондай-ақ, жартылай бұталы өсімдіктер – лерха жусаны, мыңжапырақты түймедақ, бөрте жусан, талшыбық және Шренка, Биберштейн жауқазындары аралас баданалы қоңырбас басымдылық алған маусымдық эфемеройдтық топтар, қазжуа, шөл жауылшасы, жұмыртқа тәрізді шөңгебас жақсы өседі. Емдік қасиеті бар мынадай өсімдік (шөптер)  түрлері де кездеседі: мия тамыры, жолжелкен, жусан.

ауданның табиғаты (9)

Бөрлі ауданында орман шаруашылығы да жақсы дамыған. Бөрлі ауылдық округінде орман шаруашылығымен айналысатын арнайы мекеме бар. Олар түрлі ағаштардың көшеттерімен айналысады. Сол себепті сырттан әкелінген ағаш түрлерімен араластырылған. Мысалы, Жарсуат ауылының тұсында америка жөкесі кеңінен таралып, жөке ағашы орманы бой түзеп тұр.

Аң-құстары

 Бөрлі ауданының жануарлар дүниесіне келсек, Жайық өзенінің аңғарында қызғылт сары (үлкен) сарышұнақ кездеседі. Ал індерді мекендейтін ұсақ кеміргіштер әлемі бай: атжалман, кішігірім тышқан, құмтышқан, түз тышқаны және басқа тышқандардың көптеген түрлері кездеседі.

ауданның табиғаты (1)Сондай-ақ, Жануарлар әлемін түлкілер, қарсақтар, қояндар, қабандар, борсықтар, қосаяқтар, еліктер, бұландар, ал құстар әлемін дуадақ, безгелдек, тырна, құр және басқа да қанаттылар толықтырады.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале