«Қаратөбеге барсаң әншімін деме!» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Қасиетті Қаратөбе жері – сал Мұхит пен жезтаңдай әнші Ғарекең, кеңінен танымал Ескендір Хасанғалиев сынды өнер саңлақтары шыққан ән өлкесі. Бүгінде ауданымызда олардың өкшесін басып, өнерін жалғап келе жатқан жас әншілеріміз аз емес.
Ауылдастары «Қаратөбенің Кобзоны» деп атаған Мағзом Есендосов, кезінде Қоскөлде фольклорлық ансамбль құрған Есенкелді Молдағалиев, Мұхит пен Ғарифолланың әндерін насихаттаушы Сағадат Рахметжанов ағаларымыз, ағайынды Армат, Нұршат Исламғалиевтер және тағы да басқа әншілеріміз ән орындағанда жұртшылық үлкен ықыласпен ұйып тыңдайды.
Кейбір жас әншілеріміз өнерде елге танымал ағаларының көзіне түсіп, олардың ықпалымен талантын шыңдап, бүгінде танымал болып жүр. Солардың бірі – ауылдас ініміз Асхат Үрпеков. Жерлестеріміздің өнердің биік шыңынан көрінгені – ауыл үшін мақтаныш. Сахнада ән шырқағанда өзөзін мәдениетті ұстайтын, табиғи, жанды дауыспен ән орындайтын, көпшілікке көрінбей жүрген дарынды әншілеріміз көп. Олардың арасында біз білетін, әсем дауысымен көптің көңілінен шығып жүрген көркемөнерпаздармен қатар, тыңдарманға беймәлім, сахнадан көрінбейтін қаншама дарын жүр? Солардың қатарында кезінде аудандық мәдениет үйінде еңбек еткен қаратөбелік қос әнші Жасұлан Темірғалиев пен Нұршат Молдағалиевтің, шөптікөлдік Мереке Сағидуллиннің, қоскөлдік Әділбек Ажғалиевтердің әншілік өнері өнерсүйер қаратөбеліктерге кеңінен таныс. «Сахнада өздерін салмақты ұстайтын сол жігіттер соңғы кезде неге ән айтпай кетті?» деушілер көп. Сахнада ән шырқап, көпшілікке көрінбегенімен, бойына біткен керемет дарынымен көшеде ән айтып жүретін біраз әнші жастардың бар екені жасырын емес. Бұндай әуесқой әншілер бізде де көптеп кездеседі. Ауылда әнді өз деңгейінде орындайтын, көптің көзіне түспей жүрген Қуаныш Ғабитұлы есімді жас жігітті солардың бірі дерсің. Тек осындай таланттардың өнерін қуаттап, алға жетелейтін білікті саз мамандары мен беделді қоғам қайраткерлерінің ықпалы болса, бұл әншілердің өнері биіктен көрінер ме еді?!
Ән орындаумен қатар нота жазуды, аспаптарда ойнауды өз бетімен үйреніп, меңгерген Мұхамедияр Нысанов ағамыз кезінде Қаратөбеден шыққан әуесқой сазгер ретінде елге кеңінен танымал болды. Бүгінде ән жазатын сазгерлер қатары көбейіп келеді. Солардың қатарында шөптікөлдік Марат Тажаяқов бар.
Өткен жылы аудандық мәдениет үйінде аға ұрпақ өкілдерінің концерті өтті. Сол концертті тамашалай отырып, ағаапаларымыздың ән орындау шеберлігіне тәнті болдым. Бұдан ауданда біз білмейтін өнерлі жандардың көптігін аңғардым. Негізі аудандағы әншілердің біразы көлеңкеде көрінбей қалып жатады. Олай дейтінім, «Ертеректе Қаратөбеде Сағынқожа есімді керемет әнші болыпты» дегенді ауыл ақсақалдарынан естуші едім. Сағынқожа әнші туралы Қайыржан Төлегенұлының кітабында қысқаша жазылуына қарағанда бұл кісі туралы деректер аз болса керек. Ауыл қарияларының әңгімесінен Сағынқожа Қаратөбеден 1516 шақырым қашықтағы Бесауада кешқұрым ән салғанда, дауысы ауылға естілетін еді дегенді құлағым шалған. Ол кезде микрофон жоқ, алайда алыстан естілгеніне қарағанда, оның дауысы соншалықты зор болған ғой.
Дауысы зор, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев 1976 жылы Қаратөбеге келіп, қазіргі аудан әкімдігінің алдындағы алаңда концерт қойды. Концертті орталап үйге келгенімде аулада жүрген әкемнің: «Мынау Ғарекеңнің дауысы ғой. Ауылға келіп концерт беріп жатқан болды-ау», – дегеніне қарағанда, жезтаңдай әншінің микрофонсыз айтқан әнінің дауысы әкімдіктен біраз қашықта тұратын біздің үйге анық естіліпті. Ауданда әлі де болса танылмай жүрген әншілерді анықтап, оларды шартарапқа әйгілеу – басты мақсаттың бірі болуға тиіс. Мұхит пен Ғарекеңдей әншілер Қаратөбеден көптеп шықса, туған жердің мерейі үстем болып, аты асқақтай түсер еді. М.Мералиевтің туғанына 170 жыл толуына орай республикаға кеңінен танымал әнші Сәуле Жанпейісованың маған берген сұқбатында «Мен еліміздің қай қаласында болсын, Мұхит пен Ғарифолланың әндері шырқалмайтын концерттерге қатыспаймын» дегені оның ұстазы Ғарифолла Құрманғалиев пен Мұхит бабамызға деген асқан құрметі деп түсіндім.
Ұстаздарын ұлықтап, оларды пір тұтатын Сәуле апамыздай мықты әншілер өнер өлкесі, қасиетті Қаратөбеден неге шықпасқа?!
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы