Кеше Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының және орталықтандырылған кітапхана жұйесінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерінің Ауған соғысынан шығарылғанына 36 жыл толуына орай «Жалынға оранған жастық» атты патриоттық кеш өтті.

Дәлізде құрылған «Ауғанның асуында от кешкендер» кітап көрмесіне шолу жасалғаннан кейін, жиналғандар Ауған соғысы ардагерлерінің видеоролигіне көз салды. Шараның шымылдығын ашқан жас кітапханашылар Ақерке Ғабдуллина, Салтанат Серікова, Саят Ермекова «Өмірді қайта жалғаңдар» композициясын орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Әрі қарай, тарих тақтасына ізін қалдырып, биік төбелерге айналған Ауған ардагерлеріне 1 минут үнсіздік жариялады.

Кеш модераторы Қаһарман Зинуллин тізгінді алып, шараның басты мақсаты мен мәнін түсіндіріп өтті.

Жиынға ауған ардагерлері, соның ішінде, жаңақалалық Берік Жардемов, Жаңақазандық Эльдар Валитов, Мәстексайлық Ерболат Ибрашев, Көпжасарлық Дастан Төлегенов, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Батыр Таулин, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы, майор Азамат Көпбергенов, аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ердәулет Бисенғалиев қатысты.

Жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен оттың ортасында өткізген майдангер ағаларымызға сұрақтар қойылып, ұрпақ санасына ұғындыру, патриоттық үлгіні түсіндіру мақсатында ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға да сауалдар қойылды.

Әрі қарай, кеш сазды әуенмен жалғасын тауып, «Жас қалам» жас ақындар клубының мүшелері ардагер қонақтарымызға арнауларын оқыды. Аталмыш шараға тұспа тұс келген 14 ақпан – Халықаралық «кітап сыйлау күні» мерекесіне орай, клуб мүшелері ұйымдастырушылар атынан Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына орай Болат Батыр, Зәмзагүл Әмірғалиеваның «Ғасыр тойы» кітабын соғыс ардагерлеріне тарту етті. Кеш соңында, аудан басшысының орынбасары Руслан Қонысбайұлына сөз ұсынылып, бейбіт елдің қамы үін тер төккен азаматтарға ризашылығын білдірді.
Мерей Жұмашевтың орындауындағы «Атамекен» әні шырқалып, шара қорытындыланды.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы