Өткен аптада осындай тақырыппен Тәуелсіздік күніне орай Тасқала аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының тарих пәні мұғалімдеріне арналған ашық алаң өткізілді.
Аталған іс-шараның шымылдығын білім беру бөлімінің әдіскері Нұртілек Сағынов ашып, шараның мақсат-міндеттерін түсіндірді. Ашық алаңның модераторы «Сәулет» мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Нұрболат Шапиковтың алғы сөзінен кейін тарихшылар «Қазақстан тарихын оқытудағы өзекті мәселелер», «Еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде тарих пәні мұғалімінің рөлі», «Оқушының бойында патриоттық және ұлтжандылық сезімін қалыптастыру жолдары» тақырыптарында сөз қозғады. Іс-шараның спикерлері жалпы білім беретін Мерей орта мектебінің мұғалімі Артур Дүйсенов, жалпы орта білім беретін Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің мұғалімі Жадыра Владимирова, жалпы білім беретін Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Исатай Байдушев, жалпы орта білім беретін Шежін мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің мұғалімі Алмагүл Байтукова пікір алмасып, танымды ой пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар өзге де тарих пәнінің мұғалімдері ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Ашық алаң соңында спикерлерге аудандық білім беру бөлімінің атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, алдағы болатын түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар пысықталды.
Меңдібек Нұрболатұлы
Тасқала ауданы