2.03.2025, 15:30
Оқылды: 227

Тарих тоғысында: Жымпиты – достық бесігі

Жымпитыдағы С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Тарих тоғысындағы халықтар тарихы және ұмыт болған мамандықтар» атты дөңгелек үстел өтті.

IMG_9172

Шараның мазмұны терең. Алғыс айту күні және ел көлемінде жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылының мән-маңызы осы дөңгелек үстелде түйіседі. Соған орай жүздесуге Ким Федянин, Гүлбақша Ерғалиева секілді ардагер-ұстаздардан бастап аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Amanat» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев секілді басшылық саладағы азаматтар, ең басты меймандар – ел ішіндегі еңбек адамдары қатысты. Олардың арасында бұлдыртылық Геннадий Вебер, Талдыбұлақта дәнекерлеуші болып еңбек ететін Гулько Николай, шолақаңқатылық Зубарзат Латипова, сонымен бірге жымпитылық аналар – Файруза Усманова, Тамара Сбытникова секілді қазақтың өзіндей болып кеткен өзге ұлт өкілдері бар. Аудандағы кәсіптік мамандар даярлайтын оқу орыны – Сырым колледжінің студенттері де залдан орын алды.

IMG_9196

Шараның ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов сөз сөйледі. Қайрат Нұржанұлы елдің ішкі және сыртқы саясатында келісім мен әріптестік маңызды рөл ойнайтынын, қоғам керуенін еңбекші қауым алға сүйрейтінін айтты.

Дөңгелек үстел үстінде бұл күні ұмыт болған немесе жаңғырған мамандықтар туралы айтылды. Қырманшы, сақманшы, қырықтықшылар бүгін жеке қожалықтарда ғана сақталған. Көп мамандықтарды техника алмастырды. Аудан орталығында күнінде шұжық, лимонад зауыттары, наубайхана, №17 жылқы зауыты, мал сою, бордақылау секілді өндіріс орындары жұмыс істеді. Жаңа заман өндірісті қайта жолға қоюды талап етуде.

IMG_9192
С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева ұйымдастырған шарада әр түрлі тақырып бойынша терең талқылау болды. Қазақ даласына ұлттардың қоныстануы, ортақ тағдыр біріктірген қазақстандықтар туралы деректі фильм көрсетілді.
Музей қабырғасындағы шарада мерекеге орай «Демалыс орталығы» МКҚК әншілері Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров ән салды.

Б. Шерім
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале