25.09.2024, 11:15
Оқылды: 81

«Тарихи таңдауда тосылмаған жөн» – пікір

Атомның адамзатқа белгілі бола бастағаны қашан?! Ядролары протон, нейтрондардан тұратыны, соның қуатымен жүретін кеме, жер жүзіндегі алғашқы атом электр стансалары, т.б. туралы естіп, білгенімізге талай жыл өтті.

6434402F-C874-44B3-A4CE-FF04B674A7B4

Сурет: freepik.com

Жер бетінде, оның қойнауында Алланың құдіретімен адам игілігіне арналған дүние, әлбетте, жеткілікті-ақ. Әңгіме соны қажеттілікке ретімен, сауатты пайдалана білуде. Бүгінде «бейбіт атом» соны сипатпен, тың қырынан баяндалуда. Мемлекеттер атом электр стансаларын салуды, бұрыннан осындай кешендері барлары оны жетілдіруді қолға алып жатыр.

Сөйтіп бүкіл экономиканың тұрақты өркендеуіне сенімді кепілді күшейтіп отыр.. Осы бағытты біздің Қазақстанда бағдарға алды. Ядролық энергия бүгінде тапшылығы сөзсіз көрінетін әрі тозған, шығыны өлшеусіз қуат көздерін ауыстырып, өнеркәсіптің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының үздіксіз, сапалы жұмысын қамтамасыз етеді. Энергетикалық тәуелсіздік дегеніміз осы. Экономикадағы кейбір ірі жобаның энергия жетіспеуінен тұйыққа тіреліп тұрғаны да мәлім. Демек, бұдан шығарар жол айқын – атом өнеркәсібі.

Дүниежүзіндегі ең мықты, ең үлкен АЭС – Оңтүстік Кореяда деген ақпарат бар. Бұл ел тұрақты, арзан қуат көзінің арқасында дамып жатыр. Франция – «Еуропаның атом астанасы» деп аталады. Бізде атом индустриясына қол жеткізуге қатысты «ауызды қу шөппен сүртпейміз». Бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінсек, Үлбі зауыты кезінде Кеңес Одағына қарасты АЭС-қа қажетті отынның 80 пайызын дайындап отырған. Ондаған жылдан бері Курчатов қаласында екі, Алматыда бір зерттеу реакторлары жұмыс жасайды.

Бұлардың АЭС-пен салыстырғанда айырмашылығы жоқ дерлік. Алғашқы стансаны салу көзделген жердің бұл мақсатқа, бүкіл талапқа сай келетіні, геодезиясы зерттелгеніне де біраз уақыт болды.

Егер ертеңгі референдумда дауыс беру қорытындысы елімізде АЭС салуға оң көзқарасты көрсетсе, күллі энергетикалық жүйеміздің тұрақты дамуына қадам жасалмақ. Солай болары анық. Өйткені мұндай кешенді қауіпсіз, апатсыз пайдалануға заманауи үздік тәжірибе мен технология мүмкіндік береді. Халқымыздың да о бастан ең алдымен ойлап, алаңдағаны – осы жайт.

Алыста қалған кезеңдерде әлемде мұндай стансаларда болған апаттар еске түседі. Ал енді бұлар өткеннің еншісінде, қазіргі уақыт басқа. Ғылым жаңа жетістіктерді иеленді. Ядролық реакторлар жетілдірілді.

Жер жүзінде АЭС экологиялық энергия көзі екені мойындалғаны да қашан?! Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 87 пайызы жылу электр стансаларына тиесілі. Бүгінде қолданыстағы электр стансаларының барлық түрінің арасында органикалық отындағы стансалардың қоршаған ортаға едәуір зиянын мектеп оқушылары да жақсы біледі. Басты ластаушы заттар – күйе, күкірт диоксиді, азот, көміртегі оксиді, әсіресе улы газ (СО), ауыр металдар қосындылары, канцерогенді бензапирен (С2ОН12).

Мұндай шығарындылардың нақты түрлері (құрамы) қолданыстағы қазандардың типтеріне және жағылатын отын түріне қарай ерекшеленеді. Міне, проблемалар төркіні қайда жатыр деңіз?! Қатардағы тұрғындардан да, ғалымдардан да байтағымызда тек бір емес, бірнеше АЭС көтерілуі қажеттігін айтып жүргендер де аз емес. Атом генерациясына кезінде мән-маңыз бермеген мемлекеттер жұрты осы мәселені белсенді түрде қозғап отырғаны да жайдан жай емес.

Сонымен энергетикалық жүйеміздің келешек тағдырын айқындайтын сағат соғып тұр. Тарихи референдумда тұрғындарымыз тосылып қалмайды, өздерінің орынды таңдауын жасайды деп сенемін. Болашаққа осылай сергек сеніммен, мызғымас ортақ мүддемен беттейік.

Ерке Бисенғалиева

АЭС салуды қолдау жөніндегі Ақжайық аудандық халықтық штабының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале