Бүгін Қаратөбе ауданында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық кітапхананың көрермен залында қазақтың суырыпсалма поэзиясы дәстүрін жазба әдебиетке ұластырған ақын Шәңгерей Бөкеевтің 175 жылдығына арналған «Бес ғасыр жырлайды» тақырыбында кеш өтті.
Аталмыш кеште Шәңгерей Бөкеевтің өлеңдерін мектеп оқушылары нақышына келтіре жатқа айтып берді.
Шәңгерей Сейткерейұлы – өмір, махаббат пен табиғат сұлулығы, ар-намыс жайында жырлаған. Оның өлеңдері, жырлары мен әндері түркі халықтарының құндылықтарын асқақтата жырлауымен мәнді болған. Ақынның өлеңдері ІІ томдық «Бес ғасыр жырлайды» кітабына енген.
Шәңгерей Сейткерейұлы осыдан 120 жыл бұрын өзінің фотоаппаратымен тұңғыш суретін түсірген. Шәңгерей ақынның естеліктеріне сүйенсек, ол кісіге фотоаппаратты Николай патша сыйға тартыпты.
Қаратөбе мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Есқожина мен тарих пәнінің мұғалімі Алмажан Жұмағалиева тарихи, белгілі тұлға Шәңгерей Сейткерейұлының өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.
– Ата-тегі хан болғанымен Шәңгерей Бөкеев пен оның әкесі Сейткерей хан болуды қаламаған, - дейді тарихшы Алмажан Жасұланқызы.
"Рухани жаңғыру" кеңсесінің әкімгері Айгөлек Андирова кешке белсене қатысушыларға алғысын білдіріп, ақынның өміріне қысқаша тоқталып өтті.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz