29.09.2021, 18:03
Оқылды: 35

«Тарихпен тілдескен, болашақпен үндескен»

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық кітапханада «Тарихпен тілдескен, болашақпен үндескен» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты – ҚР Тәуелсіздігінің жетістіктері жайлы кеңінен мағлұмат беру. Жалынды жастардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту. Және елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу.

Тәуелсіздік туралы ақпарат (2)

Тәлімі мол, тағылымды шараға ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ел ағалары, соның ішінде жергілікті өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев, еңбек ардагері Айтуған Ғайнеденұлы мен Шаһидолла Ишанғалиұлы, №3 қазақ орта мектебінің білікті ұстазы Қазбек Қуанышұлы, облыстық мәслихат депутаты Алтынбек Ермекқалиев, «Nur Otan» партиясы Жаңақала аудандық филиалының кеңесшісі Қайсар Нұрланұлы, аудандық білім беру бөлімінің әдіскерлері Жадыра Бақытжанқызы, Ботакөз Елемесқызы және қоғамның ең белсенді мүшелері саналатын жас буын өкілдері қатысты.

«Тәуелсіздік жылдары  қандай белестерден өте алдық?», «Тәуелсіз елімізде қоғам қалай дамуда?», «Отыз жылда ұлттық құндылықтарымызды сақтай білдік пе?», «Ендігі ұстаным қандай болу керек?» сынды сауалдар төңірегінде шара қонақтары өз ойларын ортаға салып, тұшымды пікірлерін айтты. Алқалы топта аға буын өкілдері қоғамда әлі де болса олқылықтардың орын алып жатқанын тілге тиек етіп, қазіргі жаһандану заманында ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, басты назарда ұстау қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, рухани құндылықтарымыздан алшақтамай, барға – қанағат, жоққа – сабыр ете отырып, ел үшін ертелі-кеш ерінбей еңбек етуге шақырды.

CQRldI4KAy4

- Тоқсан түрлі пәледен аман қалып, тоқсан бірде Тәуелсіздік алған азат елдің азаматымыз. Біз Тәңір сыйы Тәуелсіздіктің арқасында өсіп-өніп, білім алып, қанатымызды кеңге жайып, ешкімнен жасқанбай, ойымызды ашық айтып, алаңсыз ғұмыр кешіп, бақытты өмір сүрудеміз. «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деп Мемлекет басшысы айтқандай, алдағы уақытта әр қазақ Тәуелсіздіктің тұғырлы һәм баянды болуын ойлауы қажет деп есептеймін. Кеңес үкіметін аңсап, келмеске кеткен күндерді көксемей, өз еліміздің болашағын жарқын ету жолында қажырлы еңбек етейік, - дей келе аудандық «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінің редакторы А.Серікқалиұлы өз шығармашылығынан «Болмысы бекем – Еркіндік» атты өлеңін оқып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Басқа да шараға қатысушы жастар Қазақстанның қазіргі келбеті, Тәуелсіздіктің мән-маңызы жайлы ой-пікірлерін айта отырып, рухани әңгіме өрбіткен аға ұрпаққа амандық тіледі. Шара соңы «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын» деген тәтті тілекпен түйінделді.

З.Жәрдемова,

Жаңақала аудандық кітапхананың оқырманмен қамту бөлімінің меңгерушісі

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале