Иә, тәртіп сақталмаған жерде тазалық болмайды. Тазалық бар болса, тәртіп те өздігінен орнайды. Соңғы кездері жалпақталдық ағайын осыған көздерін әбден жеткізді.
Халқы көп шоғырланған ауылда округ әкімі Әлия Жақсыбаеваның бастамасымен тазалыққа аса ден қойылып, айналаны жинақтауға біраз күш жұмсалды. Атқарылған жұмыстар алғашқында еш нәтиже бермей, жиналған жерлер қайтадан қоқысқа толып, баяғы жартас сол жартас күйінде қала берді. Тіпті, «Енді не істеуге болады» деген сауал төңірегінде ойланып, көтерілген бастамалар өз жемісін бере бастады. Олар бірауыздан ауыл ішіндегі тәртіпті күшейту керек деген ұйғарымға келді. Себебі, тәртіп сақталмаса, күнде жинағаннан еш пайда болмайды. Сондықтан тазалық тәртібін сақтау үшін олар көптің күшін жұмылдыруды дұрыс санап, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын кеңінен насихаттауды қолға алды.
Бүгінде көп болып іске асырған жұмыс өз нәтижесін беріп, Жалпақтал ауылының көшелері соңғы кездері қоқыстардан тазарып, айналасына сән бере бастады.
Бұрын көшедегі күл-қоқыстар мен қаңғыбас бұралқы иттерге көп мән бермей, тек науқан кезіндегі сенбіліктерде ғана қолға алуды әдетке айналдырып, ауыл көшелерін аздырып алдық. Күн сайын ауыл тазалығын қадағалауды қолға алғалы көшелер көз тоярдай көріктене бастады. Соның өзінде ауыл ішіндегі атқарар жұмыстар әлі де жетіліп артылады. Ауыл тұрғындарының тазалыққа көп болып бет бұрғаны қуантып отыр. Негізі ауызбіршілік адамдарды алысқа апарады.
Ынтымағы бар елде - ырыс мол болады. Біз әкім мен тұрғындардың тазалық жөніндегі қолға алған шаралары жөнінде ғана әңгіме өрбіттік. Ал ауылдастардың ажарлы өмірі жолында алда атқарар шаруалардың ауқымды екенін ескерсек, алар асуымыздың да мол екенін естен шығармайық.
Тазалық сақталып, ауылымыз көркейе берсін, ағайын!
Қыдыр Қарабала
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер