Қазіргі таңда не көп, машинаның түрі көп. Ол біреулер үшін тасымал құралы болса, енді біреулерге күнкөріс көзі. Себебі кейбір жандар ауыл мен ауылдың, тіпті ауыл мен қаланың арасына қатынап, адам тасып, нәпақасын тауып жүр. Иә, бұл – көлігі жоқтар үшін құптарлық дүние. Қоңырау шалсаң болды, желмен жарысқан жүргізушілер тез келе қояды. Алайда такси жүргізушілерінің барлығы бірдей заң аясында еңбек етіп жатыр десек, қателесеміз. Кейіреуінің тіпті құжаттары да түгел емес. Таксистердің заңды қызмет көрсетуі, ең алдымен, жолаушылар қауіпсіздігінің кепілі екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан жолаушы тасымалдап, тиынтебен табуды ниет еткендер қажет құжаттарды рәсімдеп, сапаға көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр. Такси қызметі туралы газетіміздің өткен сандарында мақала жариялаған болатынбыз. Бірақ нәтиже жоқ. Кейінгі кезде жиі болған жатқан жол-көлік оқиғалары кімкімді де бейжай қалдырмайтыны белгілі. Әлеуметтік желіні аша қалсақ болды, пәлен жерде көлік соқтығысып, пәлен адам жараланды немесе қайтыс болды дегенді жиі естиміз. Содан соң таксиге отыруға да жүрексінеді екенсің. Ал осындай жағдайларға не себеп? Бірге талдап көрейік. Бұл масаң күйде көлік тізгіндейтіндер, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер, көлікті жүргізіп келе жатып, ұялы телефонға телміріп, сөйлесетіндер, қала берді көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырып, қасындағы көлікті басып озуға тырысатындардың салдарынан болады. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершіліктің жоқтығы.
Тасқала ауданының өзінде қала мен екі ортаға қатынайтын біраз такси бар. Бірақ бәрі бірдей талапқа сай емес. Арасында құжаты толық еместері де ұшырасады. Әйтеуір, адам тасып, ақша тапсам болды дегендер жетіп артылады.
Оған жақында аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірге ұйымдастырылған рейд барысында көз жеткіздік. Таңғы сағат тоғызда ауылдан қалаға қарай шыға берісте полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» және «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы негізінде тексеріс жүргізді. Аз ғана уақыт аралығында бірінің артынан бірі қатарласа шыққан екі таксисті тоқтатты. Тексере келгенде екеуінің де құжаты дұрыс емес. Полиция қызметкерлерінің жіті тексеруінің арқасында біреуінің техникалық тексеруден өткен құжаты жоқ екені анықталды. Тексеру барысында әр түрлі сылтау айтып, айыппұлдан құтылғысы келген жүргізушіге салғырттық танытып, біле тұра көлік басқарғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 9-тармағымен айыппұл салса, екіншісіне еш тіркеусіз адам тасымалымен айналысқаны үшін 463-баптың 1-тармағымен хаттама толтырылды. Бір қызығы, осы екі машинаны тоқтатқаннан кейін бірде-бір такси жолға шықпады. Бұл нені көрсетеді? Демек, жаңағы айыппұл арқалаған такси жүргізушілері жолда тексеру жүргізіліп жатқанын дереу хабарлап үлгерді деген ой келді. Иә, біз түсінеміз, бәрі де адам тасып, нәпақасын тапқысы келеді. Бірақ жауапкершілік деген бар. Техникалық байқаудан өткен болсаң, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кісі тасымалдауға арналған арнайы сақтандыру құжаты болса, оған кім кедергі? Қашып-пысудың да қажеті жоқ. Емін-еркін жұмысыңды жүргізе бересің. Бауыржан Момышұлының өзі «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген болатын. Сондықтан кез келген көлік жүргізушісі тәртіпке бағынып, жолда сақ болып жүрсе, ешқандай жол апаты болмас еді.
Мақала жазу барысында аудандық кірістер басқармасының мамандарына жолығып, қанша көліктің тіркеуде тұрғанын білдік. Дәлірек айтсақ, күні бүгінге ауданда 52 көлік тіркелген. Аудан бойынша қала мен екі ортаға қатынайтын таксистердің төрт бригадасы бар. Солардың барлығын қосқанда, жоқ дегенде, шамамен 70-ке жуық такси тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетеді. Олар үйден алып кетіп, қайтарда көрсетілген мекенжайға жеткізіп салады. Бұл – құптарлық жағдай. Бізді қынжылтатыны – такси жүргізушілерінің бәрі бірдей заң аясында жұмыс істеп жатпағаны. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десек те құжаттарының толық болмауы мен көлік сыртында арнайы белгі мен төбесінде шашканың жоқтығы – осының дәлелі. Себебі такси өзге көліктерден екі белгі арқылы ерекшеленеді. Біріншісі – төбесіне таққан шашкасы, екіншісі – көлік сыртындағы такси белгісінің эмблемасы. Бұл жолаушылар үшін де жақсы. Өйткені көбі бұл қызмет түрін еш жерде рәсімдемейді. Яғни жолаушылар үшін ешқандай жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Халқымызда «Сақтансаң – сақтармын» деген керемет сөз бар. Сондықтан күніге екі-үш рейс жасап, мол ақша табамын деп жаныққанша, асықпай жүріп, діттеген жерге аман жеткен дұрыс болар. Бұйырған нәрсе еш уақытта кетпейді.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz