Кеше Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Серпін" спорт алаңында «12 тамыз – Жастар күніне» орай "Тимбилдинг" жазғы эстафеталық ойындардан аудан біріншілігі өтті.
Тимбилдинг – ағылшын сөзі. Түпнұсқада екі түбірден тұрады «team» – «команда» және «building» – «құру, жасау». Сөзбе-сөз аударғанда «тимбилдинг» команда құру дегенді білдіреді. Тимбилдинг топтық әдістерге негізделген түрлі тренингтерді, ойындарды қамтиды. Осы тренингтерді пайдалана отырып, командалық рух беруге және топ мүшелерін бірге нәтижелі жұмыс істеуге үйретуге шақырады.
Жастар күніне орай, аудан жастарының басын тоғыстырған керемет сайысқа Қараоба, Казталов, Жаңажол, Бірік, Тереңкөл, Көктерек, Бостандық, Болашақ ауылдық округтерінен 10 команда қатысып, өз бақтарын сынады. Эстафеталық ойындардың ашылу салтанатында сөз алған Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Галимов мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шокпанов жастарды мерекелерімен құттықтап, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Эстафеталық ойындарға "Айбын" спорт клубы мен Казталов аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі қолдау көрсетті. Сайыста әр түрлі қызықты ойындардан құралған топтық, ұжымдық, қиын да, қызықты ойындар ойнатылып, жастарға керемет көңіл күй сыйлады.
Сайыс қорытындысы бойынша Қараоба ауылдық округінің «Қараоба жастары» командасы жүлделі І орынға ие болып 100 000 тг, Болашақ ауылдық округінің «Болашақ жастары» командасы ІІ орынға ие болып 50 000 тг және ІІІ орын алған Бостандық ауылдық округінің «Намыс» командасы 30 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Жүлдегер командаларға кубоктар табыс етіліп, дипломдармен марапатталды.
Жоғары деңгейде өткен Тимбилдинг ойындары жастар көңілінен шығып, осындай қызықты ойындар көптеп өткізілсе әрқашан келіп қатысуға ниетті екендіктерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz