24.03.2022, 11:30
Оқылды: 67

Тартысты өткен көкпар сайысы

Қаратөбе жұртшылығы да әз-Наурыз мерекесін биыл ерекше атап өтті. Концерттік бағдарламадан бөлек қазақтың ұлттық ойындары көкпар тарту, теңге ілу, арқан тартыс, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді сайыстар да жоғары деңгейде өтті. Соның ішінде көкпар ойыны облыстық деңгейде ұйымдастырылып, көршілес аудандардан келген алты команда арасында тартысты өтті.

 8AF0364F-212D-4002-9B2F-84966CA79565

Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Ат спортының бірі көкпар ойынының мәні мен маңызы ерекше, тарихы тым тереңде жатыр. Көкпар – Орта Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Көкпар шабандоздардың күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сондай-ақ көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.

Ауданымызда жыл сайын көкпар ойындарын насихаттау бағытында біршама шаралар жүзеге асып келеді. Ер қанаты жылқыны жанына серік етіп, көкпар ойындарында өнер көрсетіп жүрген шабандоздарымыз да бар. Наурыз мерекесіне орай көкпар ойыны ауданымызда облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Көкпар ойынына облысымыздың аудандарынан арнайы шақыртумен көкпар командалары келіп, дүбірлі додада өзара командалық жеңіс үшін бақ сынасты. Бұл дүбірлі додаға көршілес Сырым ауданының «Сырым батыр» командасы, Шыңғырлау ауданынан «Бөкенбай батыр» командасы, Теректі ауданының көкпар командасы, шалғай жатқан Жаңақала ауданының «Бірлік» командасы, және ауданымыздың намысын қорғап жүрген Қаратөбе ауданының «Дәуқара батыр» командасы мен Сулыкөл, Соналы ауылдарынан жас шабандоздардан құрылған «Бірлік» командалары бар.

Бірінші болып көкпар ойыны Жаңақала мен Сырым аудандарынан келген командалар арасында тартысты өтті. Екі командадағы шабандоздар шебер өнер көрсетіп, Жаңақала ауданының «Бірлік» командасы 1 ұпаймен сырымдықтарды жеңіп, өз командасына жеңіс сыйлады. Екінші ойын Шыңғырлау ауданының «Бөкенбай батыр» командасы мен қаратөбелік «Бірлік» командасы арасында өтіп, бес ұпаймен «Бөкенбай батыр» командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Үшінші орын үшін талас Жаңақала ауданының «Бірлік» командасы мен Теректі ауданының командасы арасында өтті. Қарсыласынан басым түскен теректіліктер жүлделі орын үшін тігілген 100 мың теңгені қанжығаларына байлады.

Финалдық кездесу Шыңғырлау ауданының «Бөкенбай батыр» командасы мен жергілікті «Дәуқара батыр» көкпар  командалары арасында өтті. Нәтижесінде айқын басымдықпен «Бөгенбай батыр» командасы бірінші орынды  жеңіп алып, І орын үшін тігілген 300 мың теңгеге қол жеткізді.  ІІ орынды ауданымыздың намысын қорғап жүрген «Дәуқара батыр» командасы еншілеп, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Көкпарға келген қай команданы алсақ та, оңай жеңіле салмайтын нағыз мықты, батылдықты ту еткен шабандоздарды аңғардық. Серкені тақымына қысып алып,  салым салуға ұмтылған көкпаршылардың өнеріне аудан халқы ерекше қошемет көрсетіп, қолдау білдірді.

Арасында көкпаршыларға рух беріп, демеушілік жасаған азаматтар да болды. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Құмарұлы мен бірқатар сала басшылары мен ат спортына жанашыр азаматтар әр салым сайын ақшалай қолдау білдіріп, көкпаршыларды жігерлендіріп отырды.

Наурыз тойында көкпар ойынынан бөлек теңге алу ойыны да оздырылды. Шабандоздардың шапшаңдығы мен ептілігі сыналатын бұл ойында қызықты өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша І орын Жәнібек ауданынан келген Жауын есімді шабандозға бұйырып,  50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды шыңғырлаулық шабандоз Дәурен Исламбеков қанжығасына байлап, 30 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталса,  үшінші орынды да шыңғырлаулық шабандоз Әли Нұрболатұлы жеңіп алып, 20 мың теңге ақшалай сыйлықты иемденді.

Әмірбек Жәнібеков,

 Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале