Салауатты өмір салтын қалыптастыру әр отбасынан басталып, білім беру ошақтарында жалғасын табуы тиіс. Мектептегі арнайы пәннен өзге оқушылардың ата-аналарымен өткізілетін сайыс-жарыстардың да маңыздылығы ерекше. Бұл ата-ана мен баланың арасындағы бірлікті, ұйымшылдықты нығайтса, екінші жағынан мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты бекіте түседі. Осы мақсатты көздеген жарыс А.Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылды.
"Балалар жылы" аясында оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2-4 сынып оқушыларының арасында "Толағай" отбасылық эстафеталық ойыны өткізілді. Ойынға ата-аналары мен балалары қатысып, ептіліктері мен шапшандықтарын көрсете білді.
Жарыс барысында ата-аналар мен балаларынан құралған командалар түрлі кедергілерден өтіп, арқан тартысып, айла мен амалды ұштастырып, қызықты ойын өрнегін көрсете алды. Ептіліктері мен шапшаңдықтары үйлесім тапқан Таженовтар отбасы І-ші орынды иеленсе,ІІ орынды Баймұхановтар отбасы жеңіп алып, ал ІІІ орын Ермұхановтар отбасына бұйырды. Сонымен қатар Мутешевтар отбасы белсене қатысқаны үшін марапатталды.
Өте қызықты әрі тартысты өткен жарыс бәріне де ұнады, әсіресе ата-аналарымен бірге спорттық ойынға қатысқан балалардың қуанышында шек болмады.
Н.Айқын,
Шыңғырлау ауданы