30.03.2022, 17:40
Оқылды: 40

Ташкент марафонынан жүлде иеленді

Жуырда өзбек елінің астанасы Ташкент қаласында халықаралық ШОС жартылай марафоны өтті. Өзбекстан Республикасының халықаралық беделін нығайту және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған жарыс болған соң спорттық шараға үздік деген желаяқтар жиналды. Бүтін бір елдің абыройын көтеру мақсатында қолға алынған желаяқтар жарысында ел намысын қорғаған спортшылар арасында Бәйтерек ауданына қарасты Зеленый ауылында туып-өскен Ержан Джанарыстанов та болды.

IMG-20220330-WA0051

21,1 шақырым қашықтыққа жүгірген зеленыйлық желаяқ мәре сызығын үшінші болып кесті. Бүгінде Алматы қаласындағы колледждердің бірінде жеңіл атлетика бапкері болып қызмет атқаратын Ержан сегіз жылдан бері жүгіру спортымен тұрақты айналысып келеді. Бұл – оның ең үлкен жетістіктерінің бірі.

IMG-20220330-WA0052

Зеленый ауылында туған Ержан Джанарыстанов мектеп жасынан спортқа құмар болған. Ауыл балаларын спортқа баулып жүрген, ауданға белгілі футболшы В.Харкиннің қол астында жаттығып, футболда да біраз жетістікке жетіпті. Аяқдобымен қатар жеңіл атлетиканы да жақсы меңгерген бала Ержан мектеп кезінде түрлі жарыстарға шығып, жүлде салып жүріпті.

-С.Ускова атты сынып жетекшім үнемі жарыстарға алып баратын. Осы күні спортта бармақтай болса да жетістікке жетсем, ол – менің сынып жетекшім мен бапкерім В.Харкиннің арқасы. Өйткені олар мені спортқа баулып, шеберлігімді шыңдады,-дейді Ержан Джанарыстанов.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале