Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сайлаудың ел дамуы үшін қажет басым бағыттарын атап кетті.
Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген бұл бастаманы іске асыру бағытында республика бойынша сайлау өткізу үшін 42 аудан мен үш облыстық маңызы бар қала бекітілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған пилоттық режимдегі бұл жобаның қатарына Тасқала ауданы да кіреді. Осыған орай саяси науқанға дайындық барысын білмек болып, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Нұрмақовқа жолықтық.
– Асқар Ғабдрахимұлы, санаулы күннен соң, яғни 5 қарашада аудан әкімінің сайлауы өтеді. Осындай аса маңызды саяси науқанға дайындық қалай жүріп жатыр?
– Иә, сайлауға дайындық жоғары деңгейде десек, қателеспеймін. Өйткені осыған дейін сайлау учаскелері бойынша әр комиссия мүшесі арнайы тесттен өтіп, сертификат алды. Оқыту семинарларына қатысты. 15 қазанда аудан әкімінің қолымен расталған сайлаушылар тізімі сайлау учаскелеріне беріліп, сол тізім бойынша сайлауға шақыру жөніндегі арнайы қағаздар әр сайлаушыға таратылды. Учаскелерде ақпараттық тақта орнатылып, жұмыс жоспары мен үміткерлер туралы дерек ілінді. Қазір уақыт жақындаған сайын сайлау учаскелеріндегі қарбалас та күшейді.
– Аудан бойынша неше сайлау учаскесі бар? Олардың дайындығы қалай? Сондай-ақ қанша сайлаушы тіркелген? Оның ішінде алғаш рет дауыс беретіндер саны қанша? Осы жөнінде айта кетсеңіз...
– Тасқала ауданы бойынша 120 мүшесі бар 22 учаскелік сайлау комиссиясы тіркелген. Комиссия мүшелері толық құрамда 5 қазаннан бастап жұмысына кірісті. Сайлау учаскелері жабдықталып, телефондар орнатылды. Бүгінгі таңда барлық учаске сайлауға дайын. Қазіргі таңда сайлаушыларға, яғни аудан тұрғындарына сайлау туралы заңнама талабын түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып жатырмыз. Аудандық «Екпін» газеті арқылы халықты ақпараттандырып отырмыз десек, артық айтқандық болмас. Оған газеттің 38, 39, 40-нөмірлерінде жарық көрген материалдар дәлел. Жалпы ақпараттық сүйемелдеу бойынша Тасқала ауданы әкімінің сайлауына қатысты 120 жарияланым жарық көрді. Ал сайлаушылар санына келетін болсақ, 2023 жылдың 15 қазанындағы есепке сай ауданда барлығы 10 963 сайлаушы тіркелген. Соның ішінде алғаш рет дауыс беретіндер саны 42 адам болса, 18-бен 29 жас аралығындағы жастар саны 1 981. 60 жастан жоғары сайлаушылар 2 795, соның ішінде 80-нен асқандар 185 адам. Сондай-ақ 279 студент пен маусымдық әдіспен жұмыс істейтін 260 адам бар. Бүгінгі күнге үйден дауыс беруге 280 адам ниет білдірді.
– Қазіргі кезде сайлауға байланысты баса назар аударылып отырған мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі. Осы тұрғыдан қандай қадам жасалды?
– Дұрыс айтасыз. Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беру құқығын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету мақсатымен біршама жұмыс атқарылды. Ауданда мүмкіндігі шектеулі 89 жан тіркелген. Оның ішінде көзі нашар көретіндер мен көрмейтіндер саны – 40, 13 адам құлағы нашар естиді не мүлде естімейді. Ал 36 адам арбаға таңылған. Олардың сайлау учаскесіне кіріп, дауыс беруі үшін ғимараттарда пандус орнатылған. Сондай-ақ дауыс беру мүмкіндігін жеңілдететін арнайы бұрыштар бар. Қажет десеңіз, олардың арбамен кіріп-шығуына ыңғайлап арнайы кабина да орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, осы топтағы азаматтардың сайлау құқығын пайдалануына толық жағдай жасалады.
– Сайлауда дауыс беру қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталады?
– Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн үзіліссіз өтедi. Осы уақыт аралығында әр сайлаушы өзінің учаскесіне барып, таңдауын жасай алады. Егер сайлаушы өз учаскесін білмеген жағдайда тиісті ақпаратты сall-орталығынан білуіне болады. Сонымен қатар 5 қараша күні онлайн сервистер халыққа қызмет көрсетеді.
– Дауыс беру орындарында тәртіп қалай қамтамасыз етіледі?
– Дауыс беру орындарында қатаң тәртіп болуға тиіс. Сайлау күні дауыс беру орнында сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады. Сайлау комиссиясының мүшелері, әр кандидаттан сенім білдірілген бір-бір адам, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әр БАҚ-тың бір-бір өкілі, әрбір саяси партияның, қоғамдық бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардан тіркелген бір байқаушы және дәл осы сәтте сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқандар сайлау процесіне қатысушылар саналады. Бұлардан басқа тұлғалардың сайлауда дауыс беру орнына орынсыз кіруіне тыйым салынады. Сайлау учаскесі ғимаратының ішінде дауыстап сөйлеу, ұсақтүйек келеңсіздік орын алған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы ескерту жасауға, ғимараттан шығуды талап етуге құқылы. Ал талапқа мойынұсынбаған немесе құқықбұзушылық орын алған жағдайда сайлау комиссиясы ішкі істер органдарына жүгінуге мәжбүр. Жалпы, сайлау учаскелерінде тәртіпті қамтамасыз ету полиция қызметіне жүктелген. Бірақ олар тек шақырумен ғана келеді. Әкімшілік құқықбұзушылық немесе қылмыстық әрекет орын алған жағдайда олар тиісті жауапқа тарту мәселесін шешеді.
– Сайлаушылар тізіміне енгізу, дауыс беру тәртібі қандай? Жанұяның бір мүшесі үйдегі басқа туыстары үшін дауыс бере ала ма?
– Бұл – тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақ. Сайлаушыларға түсінікті болуы үшін мен бұл сұрақтың жауабына тереңірек тоқтала кетейін. Азаматтар өзі тiркелген тұрғылықты жерде сайлау учаскесiнде дауыс беру үшін сайлаушылар тiзiмiне енгiзіледі және тек сол сайлау учаскесiнде дауыс бере алады. Бір жанұяда бірнеше сайлаушының барына қарамастан, әр сайлаушы өзi үшін дауыс беруге тиіс. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге немесе басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi. Бюллетень сайлаушыға сайлаушылар тiзiмiне сай сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаты негізінде берiледi. Сондай-ақ заманға сай цифрлық құжаттарды қолдануға болады. Сайлаушы тiзiмге бюллетеньдi алғаны туралы қол қояды. Комиссияның бюллетень берген мүшесi оған өзiнiң қолын қояды және бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды. Бюллетеньдер жасырын дауыс беру кабиналарында толтырылады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң де болмасын кабинаға кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдi өзi толтыру мүмкiндiгi жоқ сайлаушы ғана өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы. Сайлаушы өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгiні соғады. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, қандай да болмасын түзету енгiзуге жол берiлмейдi. Бiр кандидаттан артық белгiленген, белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iзi бар бюллетень жарамсыз деп танылады.
– Асқар Ғабдрахимұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан сұхбат бергеніңізге рақмет. Үлкен жауапкершілікті талап ететін алдағы саяси науқан әділ де таза өтеді деген сенімдеміз.
Сұхбатты жүргізген Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz