Тасқалалық жастар «Жастар жылына» орай аудан әкімі А.Халеловпен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Шараны ашқан аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Г.Берниязова басқосудың негізгі себебін атап, қатысушыларды еркін тақырыпта әңгіме өрбітуге шақырды.
-«Жастар жылының» ашылу салтанатында Елбасымыз әр адамға бір мамандық алу қажетін атап өтті. Осы орайда, жиналған жастарды, әсіресе, өзімнен кіші іні-сіңілеріме мамандық таңдауда аса мұқият болуды тапсырғым келеді. Себебі, мамандығың – бұл сенің келешектегі жұмысың, кәсібің. Мен грант иегері болдым деп кез келген кәсіпке жабысудың қажеті жоқ. Мамандыққа ең алдымен, қабілет керек,- деді жас мемлекеттік қызметкер А.Батырова.
Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы жаңа жылмен құттықтап, ризашылығын білдірді.
-Жастар – ел болашағы деген бекерден-бекер айтылып жүрген жоқ. Бүгін сендердің бас қосып жиналғандарыңды көріп қуанып отырмын. Сендер ауданның белсенді, жігерлі деген жастарысыңдар. Болашақтарың алда. Қазір көпшілік «Мемлекет береді» деп сеніп отыр. Шындығында, бұл өмірде ешкім ешкімге көмектесуге міндетті емес. Өз күшіне ғана сену керек. Сендердің жоспарларыңды, ұсыныстарыңды естіген соң сенім артып отырмын. «Жастар жылы» аясында өз істеріңді бастауға, жаңа жоспарлар мен тың идеяларды дүниеге алып келуге дайын болыңдар,- деді.
Бұдан өзге шараға қатыстқан кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен жұмыспен қамту бөлімінің мамандары жастар үшін жаңа бағдарламалар қарастырылып жатқанын айтты.
Шараға қатысушылар салтанатты бөлімнен соң, аудан әкімдігі ғимараты алдында «Жастар жылын қолдаймыз» деген ұранмен старт берді.
Әсем Серік,
Тасқала ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер